Аршалыдағы жарылыс: зардап шеккендердің бірі көз жұмды
Тағы екі адамның жағдайы дәрігерлердің бақылауында
Ақмола облысының Аршалы ауданында мектеп қазандығының жарылуы салдарынан зардап шеккен үш адамның бірі қайтыс болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 55 жастағы ер адам түрлі деңгейдегі дене күйігі мен жарақаттардан реанимация шаралары кезінде көз жұмған.
Сағат 23.25-те жүрек соғысы тоқтады. 30 минут бойғы реанимация шаралары нәтиже бермеді. 23.55-те биологиялық өлім тіркелді, - делінген ведомство жіберген хабарламада.
Дәрігерлердің айтуынша, қазандықтың жарылуы салдарынан зардап шеккен тағы екі адамның жағдайы бақылауда.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ақмола облысының Аршалы ауданында мектеп маңындағы жылу қазандығы жарылып, үш адам зардап шеккенін хабарлаған болатынбыз.