×

Қазақстандықтардың 4 млн теңгедей қаржысын иемденген интернет-алаяқ сотталды

Полицейлер 51 эпизод бойынша барлық жәбірленушілерді анықтады

 Динара Амантай 18.11.2022 | 14:20
Фото: nts-tv.com

Қазақстандықтардың 4 млн теңгеге жуық қаржысын иемденген интернет-алаяқ сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Наурыз айында СҚО полицейлері бірнеше интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен Алматы қаласының 22 жастағы тұрғыны ұсталғаны туралы хабарлады. Солтүстікқазақстандық жедел уәкілдер оны тапсырыспен жиһаз жасау туралы интернеттегі жалған хабарландыру бойынша алдын ала төлем жасаған үш петропавлдық жүгінгеннен кейін ұстаған.

Тергеу барысында полицейлер 51 эпизод бойынша барлық жәбірленушілерді анықтады. Алаяқтың қармағына еліміздің бірнеше өңірінің тұрғындары іліккен. Қазақстандықтар оған 4 миллионға жуық теңге аударған.

ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің («Алаяқтық») санкциясына сәйкес, сот оған 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Ал бұрын жасаған мүліктік қылмыс үшін жазаның өтелмеген бөлігін ескере отырып, соңғы үкім 6 жыл, 4 айға шығарылды.

Жыл басынан бері СҚО-да 649 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Соның ішінде 250-ден астамы интернет арқылы тауарлар мен қызметтерді сатумен байланысты. Сатушының адалдығына жүз пайыз көз жеткізбейінше, алдын ала төлем жасамауды сұраймыз, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама