Қызметкерлер ай сайын 121 мың теңге жалақы алады
Шымкентте «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері компания ғимаратының алдында жиналды. Олар жалақысын көтеруді талап етті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Олар бастапқыда 99 мың теңге жалақы алғанын, былтырдан бері 121 мың теңге алып жүргенін айтты.
«Алатын айлығым ештеңеге жетпейді. Басымда екі несие бар. Төрт бала-шағам бар. Үлкені биыл мектеп бітіреді. Естуіміз бойынша, басқа өңірдегі филиалда жұмыс істейтіндер бізден көп жалақы алады. Алматыда 200 мың теңге екен. Қарағанды да солай. Тек біз ғана әлі күнге дейін 121 мың теңге алып отырмыз. Негізі былтыр да осы мәселені көтергіміз келді. Басшылар басып тастады. Бірақ бұл жолы шыдамымыз таусылды. Әр нәрсенің шегі болады ғой», - дейді компания қызметері Ербол Тәжіқұлов.
Жиналған елуге жуық қызметкер базынасын жыл басынан бері айтып келеді.
«Басшыларға айтсақ, біздің жанайқайымыз оларға қызық болмай тұр. Ер адамға мұндай айлық жетпейді ғой. 121 мың теңгеге адам өмір сүре ала ма? Оның үстіне оңтүстікте әр отбасыда 5-6 баладан бар. Сайлау кезінде байланыс үзілмеуі үшін таңнан кешке дейін жұмыста болып, дайындалып жатырмыз. 90 пайыз дайын. Демалыс күндері де жұмысқа шығып жатырмыз. Оған ешкім ақы сұрап отырған жоқ. Бар сұрарымыз – жалақымызды көбейтсін», - дейді Ерлан Қонысбав.
Байланыс технигі болып жұмыс істейтін қызметкерлер бұған дейін наразылыққа шықпақ болған кезде мекеме директоры жағдайдың оңалатынын айтып, сабырға шақырған. Бірақ содан бері ештеңе өзгермеген.
«Қазақтелекомда» жұмыс істеп келе жатқаныма 15 жыл болды. Қазір Шымкентте бір цех ашылып жатыр. Сол жердің электромеханик қызметімен жұмыс істеуіміз керек. Бірақ оларға төленетін айлықты неге бізге де төлемейді? Қазір алатын 121 мың теңгеге 8-9 мың теңге қосып, алдаусыратып қоймақшы. Біз оған келіспейміз. Артық жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жерде 34 жылдан бері жұмыс істеп жатқандар бар. Соған қарамастан жұмыстан кетсең кете бер деп отыр», - дейді «Қазақтелеком» қызметкері Ерлан Қонысбаев.
Қызметкерлер наразылыққа шыққаннан кейін мекеме басшылығы да жауап берді. Олар қызметкерлер жалақысына 40 мың теңге қосылатынын айтты. Алайда бұл әлі нақты шешім емес. Себебі компания басшылығы бұл мәселені талқылап жатыр.
«Бесінші дәрежелі байланыс технигінің жалақысы – 129 мың теңге. Осы жалақыны 161 мың теңгеге жақындаттық. Яғни, 121 мың теңгенің 20 пайызы. Наразылыққа шыққан қызметкерлердің жалақысы 161 мың теңгеге дейін көтеріледі», - деді мекеменің техникалық директоры Берік Тапетов.
Айта кетейік, бұған дейін «Қазақтелеком» АҚ-ның 28,8%-ы, соның ішінде 24,95%-ы Skyline Investment Company SA компаниясынан, 3,8%-ы «Алатау Капитал Инвест» ЖШС-дан мемлекетке өткені хабарланды.