Мусин Тұңғыш президент туралы заң қашан күшін жоятынын түсіндірді
Заңдар Ата заңға сәйкестендіріледі
Әділет министрі Қанат Мусин Тұңғыш президент туралы заң қашан күшін жоятынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Конституциядағы Тұңғыш президенттің айрықша мәртебесі туралы тұстардың бәрі алынып тасталды. Қазір отандық заңнаманы Конституцияға сәйкестендіру жұмыстары жүріп жатыр, - деді Мусин Үкімет отырысынан соң.
Министр Парламенттен аталған заңның күшін жою туралы бастама түскен жағдайда министрлік қарауға алатынын жеткізді.
«Заңнама Конституцияға сәйкестендіріледі. Сәйкесінше Тұңғыш президент туралы заңның өз функциясын жоғалтқаны туралы шешім қабылданады. Жұмыс жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Әзірше мерзімі жоқ.
Заң шығару бастамасы Үкіметке ғана тиесілі емес, президент пен Парламетке де тиесілі. Сондықтан ондай бастама депутаттар тарапынан да берілуі мүмкін. Бүгінде Әділет министрлігіне Парламенттен ондай заң жобасы түскен жоқ. Түскен жағдайда пысықталады, - деді министр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Тұңғыш президент туралы заң жыл соңында жойылатынын айтқан еді.