×

Саяси реформа және еркіндік: Тоқаевтың сенімді өкілі қоғам белсендісінің сұрағына жауап берді

Бүгінде халықты құр сөзбен тойдыруға болмайды

 Дәурен Ерболат 11.11.2022 | 22:05
Фото: avesta-news

Кезектен тыс президент сайлауындағы қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды штабының жетекшісі, сенімді өкілі Ерлан Қошанов Қазақстанда саяси өзгерістер болып жатқанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Телевизиялық дебатта мәжіліс төрағасына «Дат» газетінің бас редакторы Ермұрат Бапи сұрақ қойды.

Тәуелсіздікті қорғау, елдікті сақтау әлі де маңызды шаруа. Оған дау жоқ. Бірақ саяси тұрақтылық керек деп елді сабырға шақырып, өзгерістерді шегере беру Нұрсұлтан Назарбаевтың кезіндегі қулық-сұмдықтықтың бірі еді. Енді халықты құр сөзбен тойдыруға болмайды. Бір ұрпақтың ғұмыры кетті. Тағы 30 жыл күтіп жүре алмаймыз. Осы саясаттың ішінде жүргенімде талай қудалаудың көкесін көрдім. Мұның бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың дәуірінде болды десек те Қасым-Жомарт Тоқаев президент болғалы сел қозғалған сияқты. Бірақ жағдай күрт өзгеріп кетті деп айта алмаймыз.... Қазақстанда саяси реформалар қашан басталады? Осы сайлау кезекті саяси ойын емес пе? Азаматтардың ерік-жігеріне қашан еркіндік беріледі?, - деді ол.

Сайлаудағы қазіргі президенттің сенімді өкілі Ерлан Қошанов Қазақстанда оң өзгерістер болып жатқанын айтып, оған мысал келтірді.

«Ермұрат (Бапи – автор) мырза, билікті сынап жүрген белгілі қоғам белсендісі ғой. Ол халықтың ерік-жігеріне қашан еркіндік беріледі деді. Біріншіден, Ермұрат (Бәпи – автор) мырзаның мемлекеттік телеарнада, осындай саяси оқиға кезінде тікелей эфирге шығып, өткір сұрақ қойып жатқанның өзі бүгінде мемлекетте ашықтық пен оң өзгерістердің болып жатқанын көрсетеді», - деді мәжіліс төрағасы дебатта.

Екіншіден, Тоқаевтың сайлауалды штабының жетекшісі елде саяси реформаларға тоқталды.

Саяси реформалар түбегейлі жүріп жатыр. Өткен аптада президент 6 конституциялық заңға қол қойды. Бұл күннен бастап, ол іске асты. Енді саяси партияларды құру жеңілдейді. Халық депутаттарды тікелей сайлай алады. Билік бір қолға шоғырланбайды. Ең негізгісі әр адам тең мүмкіндік алады. Билік бір қолға шоғырланбайтынын президент тек бір мәрте сайланатынынан көруге болады. Осы президент сайлауы – соның заңды жалғасы, - деді Қошанов.

Сондай-ақ ол «саяси реформаны саяси ойын» деген пікірге келіспейтінін жеткізді.

«Саяси реформаны саяси ойын деді. Саяси реформа референдумда қабылданды. Халық тағдырын шешті. Сондықтан оны саяси ойын деп айтуға болмайды деп ойлаймын. Үміт туралы айтты. Ермұрат (Бәпи – автор) мырза, үміт ақталуы үшін бәріміз бір мүддеге бірігіп, жұмыс істеуіміз керек. Сондықтан сізді бірге жұмыс істеуге шақырамыз», - деп түйіндеді сөзін сенімді өкіл.

Айта кетейік, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама