×

«Руымыз – сатира». Көпен Әмірбек айтқан әзілдер мен қағытпалар

Танымал сатирик Көпен Әмірбек 73 жасқа қараған шағында өмірден озды

 Ая Өміртай 10.11.2022 | 13:00
Фото: tengrinews.kz

Танымал журналист, сатира саңлағы Көпен Әмірбек 73 жасқа қараған шағында қайтыс болды. 

Осы орайда Halyq Uni сатириктің ел арасында айтқан қағытпалары мен баспасөз бетінде жарияланған әзіл-қалжыңын оқырман назарына ұсынып отыр.

Көпеннің бала кездегі бір арманы суретші болу еді. Жата қалып сурет салады да жатады. Оларын «Балдырған» журналы мен «Қазақстан пионері» газетіне жолдайды. Суретіңнің көркемдігі төмен екен деген кеудеден итерген хаттарға тоқтар қояр Көпен бе?! Суретті одан сайын құлшынып салып, төпелейді. Бір күні құрама велосипед деген сурет салады да, шықсын деген қулықпен қасына екі шумақ өлең жазады. 

«Спортшымыз Арнабек,

Велосипед құрап жүр. 

Сенде рама бар ма деп,

Көрінгеннен сұрап сұрап жүр.

Жинай-жинай әр тұстан,

Велосипед құрады.

Шықса бірақ жарысқа,

Орта жолда тұрады».

Осы өлең «Балдырғанда» жарияланады. Өлең шығады, сурет жоқ. Соған қарағанда суретінен өлеңі ұтымдырақ шыққанын аңғарған Көпен сол күннен бастап, негізгі күшті өлеңге бұрды. Егер сол жолы өлең басылмай суреті шығып кеткенде, суретші болып кетуі де кәдік-тін. 

******

«Ара» журналында жұмыс істеп жүргенде «Нива» деген жеңіл көлік алдым, - дейді тағы бір естеліктің шетін шығарған Көпен аға. - Тұңғыш «тұлпарым» ғой, дос-жаранға көрсетіп, мақтатып, мәз боп қалдым. Бірде жұмыстан қайтар кезде Садықбек Адамбеков ақсақалды үйіне жеткізіп тастамақ болдым. Бір жағы, о кісіге де көлік алғанымды білдіріп қоймақпын. «Нива» дегеннің бір қолайсыздау жері – арт жағында есік жоқ. Әуелі алдыңғы есігін ашып, ол орындықты алға ысыра «еңкейтіп», адамды артқа өткізіп жібересің. Түсер кезде де алдымен есікті ашып, алдыңғы орындықтың арқалығын жығып барып, арттағы кісіні жетектеп алып шығасың. Садықбек көкемді де сөйттім. Үйінің алдына әкеліп, түсірген соң:

- Көке, ініңіздің көлігі қалай екен? - дедім өрекпіп.

Сонда ол кісінің:

- Көкеңді құйрығынан теуіп кіргізіп, сақалынан сүйреп шығарғаның болмаса, көлігің көлік-ақ екен! - дегені...

****** 

Көпеннің елуге толып еліне барғаны да бір қызық. Ол кезде еш жерде жұмыс істемейтін еркетотай еді. «Көпен келе жатыр» деген өзінің театрға бергісіз әзіл-сықақ тобын құрып, республиканың о шеті мен бұ шетін шиырлап жүрген шағы. 

«Тобыңыз бұрынғы Біржан салдар мен Ақан серілерге ғана айтылар, бір өзі – бір театр» деген мархаматты министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің орайлы бағасы Көпеннің қара басына құндыз бөріктей кигізіп, беріп салған шағы болатын. Бірақ бұл атақ ресми болмағандықтан, визиткаға жазуға жарамайды. Қайран, Көпен бұл тығырықтан да жол тауыпты. Шымкент, Сарыағаш, Шардара, Отырар, Бәйдібек, Түркістанда сүрініп-қабынып, қалың елге таратқан визиткасына «Көпен Әмірбеков атындағы сыйлықтың лауреаты Көпен Әмірбеков» деп жазды. «Көпеннің таппайтыны жоқ» деген сөз содан қалған. Тапқаны рас.

«Еее, бұл пақыр да өзі атақты старик бола тұра өз атындағы сыйлықтан басқа дәнеңе жоқ екен ғой» деп көп ұзамай Көпен төсіне «Парасат» орденін қадады. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. 

******

Әбдіраштың Жарасқаны 50 жылдық мерейтойын Республика сарайында өткізіп жатқан. Әттеген-ай, өзімнің сатирик екенімді ұмытып кетіппін ғой деп құттықтаушылар тізіміне аяқ астынан Көпен досын кіргізді. Ол болса көп көрерменнің бірі ғана болып, дайындықсыз келген. Той жақсы басталып өтіп жатыр, Жарасқан ақынның сөзіне жазылған әйгілі әндер, теңіздей толқыған поэзия, біреу теледидар, біреу картина, біреу кілем сыйлап, шапан жауып жатыр.  Тіпті Асанәлі Әшімов «Қыз Жібек» фильмінде қолданылған қастерлі жәдігер Бекежанның садағын сыйлады. Соларды көріп жүрегі шайлыққан Көпен аяулы досқа менің тартуым не болмақ деп қобалжиды. Ақыры тапты. Сол арада бас-аяғы 10-15 минут ішінде әдемі әзіл туды. 

«Жан дос – Жарасқаннан аяр түгім жоқ. Бірақ үй сыйлайын десем үйің бар, Волга, Жигули, Москвич, Запорожец те сыйлар едім. Бірақ Жарасқан-ау, сен ертерек шошынба. Мұндай сыйлық сыйлай алмас досың да. Автомобиль тез тозады, Тозбайтын авторучка әкеп тұрмын осында» деп жол тауып кеткен Көпенге Республика сарайындағы мыңдаған көрермен қошеметін аямаған екен. «Ең үлкен сыйлық сенікі болды, Көпен-ау. Қаламгерге қаламнан артық не керек?!» деген разылық сөзі басқа емес сол кеште жыр тұмасы Тұманбай Молдағалиевтің аузынан шығыпты. 

Көпен Әмірбек 1950 жылы 29 наурызда Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Ешкіқора елді мекенінде дүниеге келген. Ол орта мектепті бітірген соң Отырардағы халық театрында еңбек жолын бастаған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін 1973 жылы бітіріп, қиыр шығыста екі жылдық әскери партия мектебінде оқыған. 

Саяси сатиралық «Ара-Шмель» журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор, ғылыми-техникалық «Білім және еңбек» журналында жауапты хатшы, «Қазақ әдебиеті» газетінде сатира және юмор бөлімінің меңгерушісі, «Егемен Қазақстан» газетінде фельетон бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Жоғарғы сотында баспасөз хатшысы, Қазақ радиосында бас редактор боп қызмет істеген. Ол «Қымызхана», «Тамаша» ойын-сауық отауының белсенді авторы ретінде, сондай-ақ, өзі құрған «Көпен келе жатыр!...» атты сатиралық театрымен көрерменге кең танылған.

******

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы-сатирик Мұхтар Шерім ұстазы Көпен Әмірбек туралы естелігін бөлісіп, оны редакциямызға жолдады:

- Көпен, Көпен Әмірбеков көкем туралы, қазақтың маңдайына біткен сатира саңлағы жөнінде естелік жазамын деп ойламаппын... Вальс королы Шәмші Қалдаяқов туралы «Шәмшімен шәй ішкенде» естелігімді жазғанымда, кәдімгідей ақ пейілімен, парасатты зейінімен біраз күліп алып еді. «Әй, Мұхтар, мына жерін «өлтіріп» жазыпсың, әбден күліп алдым! Естелікті де осылай ойнатып жазу керек, сен сатириксің ғой», деп тағы да өзіне тән күлкісімен шуақ шашатын жарықтық. Кейін осы естелікті «Айқында» жариялатты.

Енді міне, Көпеннің өзі туралы естелік жазу мен үшін қандай ауыр екенін білсеңіздер ғой. Кеше ғана маған тапсырмалар беріп, («Айқын» газетінің «Ара» қосымшасында редактор, мен Шымкенттегі тілшісі едім.) «Қысқа да, нұсқа да жазған дұрыс қой, ол сенің стилің, бірақ, фельетондар жетіңкіремей жатыр, тағы бір-екеуін жаза ғой», – дейтін.

Көпен ағамды сонау жетпісінші жылдардан бері білетінмін. Газет–журналдарды иіскеп, ішіндегі сатираларды «жалап–жұқтап» қоятын жас кезіміз ғой, жас сатирик Көпекеңнің жазған-сызғандарын іздеп жүріп оқитынмын. Алматыға арман қуып, ҚазМУ–дің журналистика факультетіне оқуға түскен соң, көздері көк, жүзі жылы, атағы аспандап келе жатқан сатириктің қолын алып, қатар жүретін дәрежеге жеттік. Мені жетелеп, «Ара» журналында қызмет істейтін Оспанхан Әубәкіровке тасныстырғаны да күні кешегідей есімде. Кейіннен «Араның» бас редакторы Қалтай Мұхамеджановке айтып жүріп, «Араның»  Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі қызметіне тағайындалуыма да септігін тигізген еді. Мұндағы айтпағым, Көпен көкемнің жақсылығын, шарапатын көп көрдім. Ол қолынан келсе, жақсылық жасауға итініп тұратын, ақ көңіл ағам еді.

Бірде, көшеде әңгімелесіп келе жатқанымызда, Садықбек Адамбековтің пәтері балконында жайылып тұрған сүр етті көріп қалып:

– Мұрның иіс сезді ме? –деп сұрады.

– Жоқ, –деймін.

– Анау етті көрдің бе?

– Көрдім.

– Жүр, «Ет жемесең түсіңе кіреді, жесең, тісіңе кіреді» деп, қояр да қоймай, қазақтың дара сатиригі Садықбек ағамыздың үйіне топ еткізді. Сол күні ет жеп отырып, небір әңгіме мен әзілдің саунасына шомылғаным–ай!

«Қазақ әдебиеті» газетінде жүргенде, әдеби фельетондардың сериясын жиі жариялады. Мені көріп: «Әй, Мұхтар, Мұхтар мені құптар, кел, сора ғой, қалтамда құрт бар!» деп, табан астында шығарған өлеңін осы күнге дейін ұмытпаппын, жеке мұрағаттарымның ішіне сақтап қойған екенмін. (Бала кезден осындай әдетім бар.) Сосын, осы жақында ғана, мен де Көпекеңе арнап әзіл жаздым. Міне:

КӨПЕН ЖӘНЕ МЕН

Көпен,

Ол менің көкем,

Руымыз сатира,

Емес маған бөтен!

Астанаға шақырса,

Үйіне өтем,

Емес маған бөтен!

Аппақ сақалы бар,

Аузында мақалы бар,

Сөзге шешен,

Өзіндік мақамы бар,

Тартатын күйіміз бір,

Күлкі деген үйіміз бір,

Айдалада келе жатсақ,

Алты қасқыр алдымызда,

Жеті қасқыр артымызда,

Ештеңе жоқ, атсақ,

Бізді қоршай қалыпты,

Бағдарлай, бақсақ,

Бір қасқыр ақсақ,

Екіншісі сөйледі,

Бізге қақсап:

– Киімдерің сәнді ме?

Еттерің дәмді ме?

Қазір жейміз.

Бітті әңгіме,

Не дейсіңдер,

Өмірлерің мәнді ме?

Күндерің әнді ме?

– Менің қаным қышқыл,

Мұхтардың халі мүшкіл,

Маған десеңдер,

Інімді жесеңдер,

Күле бересіңдер,

Ит сияқты,

Бостан–босқа,

Үре бересіңдер.

Маған десеңдер,

Мені жесеңдер,

Құсасыңдар,

Ракета боп,

Ұшасыңдар,

Одан не ұтасыңдар?

– Ойбай, құрығанымыз,

Ит болып үргенше.

Бөрі болып,

Ұлығанымыз,

Керек екен,

Көпекеңнің ойы,

Құдықтай терең екен!

Деген бөрілер,

Қашып кетті,

«Не үшін қаштық?» –деп,

Милары ашып кетті!

Осылай адырымыз бір,

Көпен ағаммен,

Елтірі тон жағаммен,

Тағдырымыз бір!

Осылай жазып, вацаппен өзіне жібердім. Риза болды. «Бұл мен туралы естелігіңнің алды ма?» – деді қоңыр даусымен.. Бір түрлі болып, іштей «естелігі несі?» дегенмін де қойғанмын. Бір жолы, таныс жігіттер маған: «Көпен ағаны танисың ғой. Алматы банктерінің бірінен миллиондаған несие алып бере алар ма екен?» – деп өтінді. Тоқсаныншы жылдары көп қаржыны несиеге алу өте қиын болатын. Содан, Көпен ағама оларды ертіп бардым. Көзімізше бір–екі таныстарына телефон соқты да, қабағы кіржиді. Шамасы, құптай қоймаса керек. Сосын, жігіттерге: «Несиеге аз ғана ақша алмайсыңдар ма?  Сонша көп ақшаны санай алмайды ғой деп жатыр», – деп өзіне жарасатын күлкісін сыйлады. Жігіттер өкпелеген жоқ, бәріміз кафеде отырып, таңды–таңға атырғанбыз.  Сол жігіт бірде кездескенде: – «Көпен ағаның банктерде танысы болмағаны жақсы болды, әйтпесе, бәрін жаратып қойып, бизнесім биттеп, өзім сотталып кетер ме едім?» –деді.

Көпен көкем көп қыдыратын. Қыдырғанда, ел аралап кететін. Бірде Ақтөбеде, бірде Шымкентте, Алматыда дегендей. «Көпен аға шаршамайсыз ба?» –деп сұрағаным есімде. «Шаршасам, шапқылап жүрмес едім ғой», –деп соңғы кезде тұңғиық ойға батып қалатын. «Мұхтар, сен де, мен де сатирикпіз, сен де, мен де қант диабетімен ауырамыз. Тағдырласпыз, мұңдаспыз», –деп тағы да күліп алатын. Бұл сөзіне онша мән қоя бермейтінмін. Өзі жүдеп, сырқаттанып жүрсе де, былтыр бауыры Ерсұлтан екеуі «Жол –жөнекей» сұхбат–бейне ролик түсірді. Мені, Сабырбек Олжабай бауырымды шақырды. Ауырғаны жанына батса да, жиі күліп, жымиып, арқамыздан қағып, шуақ шашып жүрді. Сол түсірілімнен кейін, Ковидпен құшақтасып қалдым да, оңбай ауырып, ауруханаға түсіп қалдым. Тіпті, реанимацияда жаттым. Көпен көкем күн аралатпай телефон шалды.

–Мұхтар, қай ауруханада жатырсың?–деп сұрады.

–Перзентханада.

–Перзентханада? Әйелдер босанатын жерде не бітіріп жүрсің? –деп күлді.

Мен онымен үнемі «Көпен көке» деп сөйлесетінмін.

–Көпен көке, орын жетпеген соң, осы перзентхананы уақытша ковидпен емдейтін ауруханаға айналдырған екен. Ия, «Рощадағы», –дедім мен.

–Әй, сен өле көрме, –деді ол әзілдеп.

–Ия, өлуге рұхсат жоқ.

–Жазылып кетесің әлі.

–Көпен көке, о дүниеге барып едім, қабылдамай қойды, бос орын жоқ екен, есігін тықылдатып қайттым, –дедім мен де жабырқап, жаным ауырып тұрса да, әзіліне әзілмен жауап беріп. Міне, Көпекең осындай кішіпейіл, кең адам еді. Көлеңкелес достарымның бірі ат ізін салмағанда, жасы үлкен болса да, жағдайымды сұрап, көңіл–хошымды бір көтеріп тастаған–ды.

Көпен көкемді кетіп қалады деп ойламаппын. Соңғы күндері төсек тартып жатқанында, телефон соғып едім, даусы қарлығыңқы шықты. «Жазылып кетіңіз, арамызда қалқайып жүре беріңіз! Жүз жасайсыз!» –дедім. Үндемеді. Дені сау кезінде қандай еді? Аппақ сақалы өзіне қандай жарасар еді? Әдемі көзілдірігін мұрнының үстіне ғана қойып, күлімсірей қарайтын. Риясыз күлетін. Қазір де Көпен көкем маған солай қарап тұрғандай. Күлкісі құлағыма жеткендей... Хош болыңыз, топырағыңыз торқа болсын, Көпен көке!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама