Биыл облысқа 106 миллион теңгеге тұмауға қарсы ресейлік препарат сатып алынған
Ақтөбе облысында вирустық инфекция мен тұмау жұқтырған адамдардың саны күрт өсіп, тіпті 8 жасар бала жансақтау бөліміне түскен. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Бала респираторлық инфекция жұқтырған. Одан кейін өкпесі қабыныпты.
Жалпы, өңірде барлығы 90 адам ауруханаға тұмаумен түскен. Дәрігерлер бұл індеттің күрт өршіп кеткеніне алаңдап отыр. Әсіресе, аурудың асқыну жағдайлары жиілеп кеткен.
Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта коронавирус сирек кездескенмен тұмаудың да салдары ауыр. Сондықтан оған қарсы вакцина алуға кеңес беріліп жатыр.
Биыл облысқа 106 миллион теңгеге тұмауға қарсы ресейлік препарат сатып алынған. Екпені 140 мың адам алғанмен, бұл көрсеткіш ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін әлі де жеткіліксіз көрінеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров тұмау асқынған жағдайда пневмония мен бронхит басталатынын атап өтті.
Отит пен синусит болады. Оған бактериялық инфекция да қосылуы мүмкін, - деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін Астана медицина университеті Балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі Динагүл Баешева тұмаудың жаңа туған нәрестелерге өте қауіпті екенін айтқан болатын.