Жантүршігерлік оқиға Түркістан облысында болған
Түркістан облысы бала құқығын қорғау бойынша уәкілетті өкілі әрі облыс әкімінің бала құқығын қорғау бойынша штаттан тыс кеңесшісі Гүлжан Вероцкая жақында өңірде болған жантүршігерлік жағдай туралы баяндады.
Түркістан облысында кәмелет жасқа толмаған қыз ересек ер адамнан жүкті болып қалған. Гүлжан Вероцкая қыздың тұратын ауданын, жасын, жүктілік мерзімін жариялаған жоқ. Өйткені, оқушы қызға қатысты ақпарат Бала құқығы туралы конвенцияның 16-бабына сәйкес құпия сақталуға тиіс.
«Бұл жағдайды анықтаған - қыздың сынып жетекшісі. Сынып жетекшісіне шексіз алғыс айтамын. Әрбір мектеп қызметкері бала құқығы бұзылып жатқанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 1-тармағына сәйкес, дер кезінде құзырлы органдарға хабарлауы керек», - деп жазды ол.
Облыс әкімінің бала құқығын қорғау бойынша кеңесшісі бұл жағдайдың қалай болғанын егжей-тегжейлі айтып берді. Айтуынша, оқушының анасы ер адамның үйінде тұру үшін қызымен некелесуге рұқсатын берген.
Бұл еш ақылға сыймайтын қатыгездік және қылмыс! Қазақстанда кәмелет жасына толмағандармен некелесу – қылмыс. Осы ретте ата-аналарға ескерту жасаймын. Кәмелет жасына толмаған баланы некелестіру құқығы жоқ. Мұндай жағдайға жол бергендер Қылмыстық кодекстің 140-бабы бойынша сотталады, - деп ескертті Гүлжан Вероцкая.
Түркістан облысы бала құқығын қорғау бойынша өкіл мұндай жағдайда мектеп басшылығына қатаң сөгіс жариялап, жұмыстан босату сияқты шаралармен ғана шектелу аздық ететінін ескертті.
Гүлжан Вероцкая журналистерді, әлеуметтік желі қолданушыларын балаларға қатысты кез келген ақпаратты таратқанда барынша сақ болуға шақырды.
«Бұл оқиға менің бақылауымда, мемлекеттік органдармен, қыздың өзімен және онымен жұмыс істейтін психологтар, медициналық қызметкерлермен тығыз байланыстамын. Қылмыскер мен қыздың анасы заң аясында толыққанды жауып беруін қадағалаймын. Тергеу біткен соң, сот шешімі шыққан соң, нәтижесін бөлісемін», – деп жазды ол.