×

Қонаевта заманауи жаңа мектептер салынады

Асхат Аймағамбетов балаларды тамақтандыру да үлкен мәселе екендігін атап өтті

 Динара Амантай 04.11.2022 | 17:56
Фото: khabar.kz

Алматы облысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында республикалық бюджет есебінен 50-ден аса жаңа заманауи мектеп салынады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Қонаев қаласында жұртшылықпен кездесу барысында айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жиын барысында министр білім саласындағы түйткілді мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, өңірдегі ең үлкен мәселе – үш ауысымды мектептер. Бұл мәселені шешу мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы аясында республикалық бюджет есебінен 50-ден астам жаңа заманауи мектеп салынбақ.

Екінші күрделі мәселе – білім сапасы. Білім сапасын арттыруға, оқу бағдарламаларындағы кемшіліктерді түзетуге, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға, кәсіби өсуіне мейлінше жағдай жасалуда. Әр өңірдің өзіне тән айырмашылығы бар. Алматы облысында оқушы орнының тапшылығы анық сезіледі. 300 балаға лайықталған мектепте 1500 бала оқып жатса, қандай сапа болады? Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табатын болады, – деді министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы оқушыларға берілетін тәрбиеде бірізділік жоқ екендігіне назар аударды. Осы орайда Абайдың «Толық адам» концепциясын негізге алып, жаңа жүйе жасалып жатқанын айтты.

Бұған қоса Асхат Аймағамбетов балаларды тамақтандыру да үлкен мәселе екендігін атап өтті.

Оқушылар бүгінде дәрумені бар ас ішіп жатыр ма? Мектеп асханалары қалай жұмыс істеуде? Ондағы баға қандай? Осыған мән беріп, мектеп асханаларының балаларға қолжетімді болуын қамтамасыз етпекпіз.

Колледждерге де академиялық дербестік берілуде. Ендігі ретте типтік бағдарламамен шектеліп қалмай, жұмыс берушілердің сұранысына орай сол өңірге қандай мамандар керек, сол мақсатта өз бағдарламаларын құрып, жұмыс істейтін болады, – деді ведомство басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама