Қазақстанның танымал туристік орындарында дәретханалар жетіспейді
Министрлік туристік дестинациялар мен гранд-турлардағы инфрақұрылымның жай-күйіне зерттеу жүргізді
Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанның туристік дестинациялары мен гранд-турларындағы инфрақұрылымның жай-күйіне зерттеу жүргізу кезінде бірқатар кемшілікті анықтады деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, анықталған олқылықтарды жою үшін зерттеу нәтижелері мен қосымша ұсыныстар әкімдіктер мен бейінді мемлекеттік органдарға жіберілген.
Атап айтқанда, 493 дәретхана мен қоқыс контейнерлерін орнату, интернет пен ұялы байланыс сапасын арттыру, туристік базаларға дейін ішкі жолдарды салу қажет. Сонымен қатар мамандар вокзалдарды, жанармай құю станцияларын, тамақтану пункттерін және басқа да нысандарды тексерді.
Жергілікті атқарушы органдар «жұмсақ» инфрақұрылымды жақсарту, коммуникациялар жүргізу және дәретханалар салу бойынша жұмысты жандандыруға тиіс.
Сондай-ақ министрліктің мәліметіне сүйенсек, санитарлық-гигиеналық тораптарды таза ұстау үшін мемлекет ай сайын 83 мың теңге көлемінде субсидия беруге дайын. Әкімдіктер жіберген ақпаратқа сәйкес, жергілікті кәсіпкерлер тарапынан бұл механизм бойынша 11 өтінім мақұлданған. Оның үшеуі Ақмола облысынан, екеуі ШҚО және Абай облыстарынан, төртеуі Жамбыл және Қарағанды облыстарынан, тағы екеуі Қостанай облысынан.
Еске сала кетсек, бұған дейін республикалық автожолдардың бойындағы 374 «салқын дәретхана» бұзылатыны туралы хабарлаған болатынбыз.