×

Республикалық автожолдардың бойындағы 374 «салқын дәретхана» бұзылады

Бүгінде 15 салқын дәретхананы бөлшектеу жүзеге асырылды

 Динара Амантай 18.10.2022 | 10:41
Фото: newtimes.kz

Бүгінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында шамамен 1700 қызмет көрсету нысандары бар. Оның ішінде 1 147 нысан немесе 70% ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, биыл жол бойында орналасқан тағы 80 қызмет көрсету нысанын ашу көзделіп отыр.

Автожолдардың бойында санитарлық-гигиеналық тораптар ашу басым мәселе болып табылады. Республикалық маңызы бар жолдардың бойында 618 демалыс алаңы бар, оларда жеке инвестициялар есебінен модульдік үлгідегі санитарлық-гигиеналық тораптар орнатуға болады. Ұлттық компания қызметкерлері өңірлерде шағын және орта бизнес өкілдерімен белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Кәсіпкерлер санитарлық-гигиеналық тораптардан басқа модульдік павильонда сауда алаңдарын жасақтай алады. Бүгінде 53 модульдік СГТ жұмыс істейді, жыл соңына дейін демалыс алаңдарында осындай 20 нысанды орнату жоспарланған. Бұл шаралар жүргізушілерді санитарлық-гигиеналық тораптармен қамтамасыз етіп қана қоймай, жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.

Сонымен қатар, қоғам ЖМҚС желілерімен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруда. Қазір жанармай құю станцияларының ірі желілерінде заманауи сауда алаңдары қарастырылған.

Қол қойылған меморандумдар аясында 2025 жылға дейін республикалық желіде 134 ЖМҚС іске қосу жоспарланған.

Министрліктің мәліметінше, қазірде республикалық жолдардың бойында 374 «салқын дәретхана» орнатылған. Түсіп жатқан шағымдарға байланысты мұндай объектілерді кезең-кезеңімен бөлшектеу туралы шешім қабылданды. Бүгінде 15 салқын дәретхананы бөлшектеу жүзеге асырылды. Осы мәселе бойынша жұмыс жалғасатын болады.

Сондай-ақ, пайдаланушыларды қажет ақпаратпен қамту үшін, яғни бағыт құруға, маршрут бойындағы барлық нысандармен танысуға, рейтингтер мен шолуларды көруге және демалыс аялдамаларын алдын-ала жоспарлауға мүмкіндік беретін мобильді қосымша әзірленіп жатыр. Қосымша интернетсіз де жұмыс істей бермек. Бұл қосымша осы жылдың желтоқсан айында пайдаланушылар үшін қолжетімді болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама