×

Қазақстандықтар ЖРВИ жұқтырып жатыр

Олардың арасында балалар да бар

 Дәурен Ерболат 03.11.2022 | 15:43
Фото: indubnacity.ru

Биыл 1 қазаннан бастап 764 мыңнан аса адам жіті респираторлық-вирустық инфекция (ЖРВИ) жұқтырды. Бұл туралы ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

2022 жылғы 1 қазаннан бастап 764 247 ЖРВИ дерегі тіркелді. Сырқаттанушылық өткен жылғы деңгейде. Тұмаудың 521 зертханалық расталған жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 179, жүкті әйелдер арасында – 106. Қазақстанда тұмаудан басқа, оған ұқсас вирустар да таралып жатыр. Мысалы, 1202 сынама тексерілді, оның ішінде 254 сынамада (21,1%) оң нәтиже анықталды:  риновирус – 93, РС вирус – 77, парагрипп – 31, коронавирус – 20, аденовирус – 17, бокавирус – 10, метапневмовирус – 6, - деді басшы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Биыл бюджет есебінен Ресейде шығарылған «ГРИППОЛ +» вакцинасының 2,3 млн дозасы сатып алынды. Вакцина құрамында алдағы маусымдағы вирустарға қарсы штаммдар бар.

«Қазанның басынан бері халыққа тұмауға қарсы вакцинация жүргізілуде. Қазақстан бойынша тұмауға қарсы 1 млн 806 мың 710 адам немесе жалпы республика халқының 9,5%-ы егілді:

жергілікті бюджет қаражатынан – 1 млн 758 мың 875 адам (97,3%),

жұмыс берушілер есебінен – 28 295 адам (1,6%),

ақылы негізде – 19 540 адам (1,1%).

Вакцинация алғандар арасында: 14 жасқа дейінгі балалар – 392 мың 76 (21,2%), ересектер – 1 млн 423 мың 287 (78,8%) вакцинацияланды. Вакцинациядан кейін асқынулар тіркелмеген», - деді Роза Қожапова.

Сондай-ақ ол қазақстандықтарға ауырмас үшін не істеу керегін айтты:

  • Жұрт көп жиналатын орындарға бармау;
  • Бөлмелерді желдету, антисептикалық құралдарды пайдаланып,  дезинфекциялық режимді күшейту;
  • Қолды өңдеу үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық сулықтарды пайдалану;
  • Науқас адамдармен байланысты шектеу, оларды оқшаулау;
  • Ауырғандардың 80%-ы балалар екенін ескере отырып, тұмау мен ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдырып, мектепке, үйірмеге және тағы басқа орындарға жібермеу керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама