Halyq Uni логотип
×

Қорғаныс министрлігі казинода көзге түскен қызметкерлеріне қатысты тексеріс бастады

Министрлік құмар ойынға әуес қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді

 Айгерім Таубай 03.11.2022 | 10:48
Қорғаныс министрлігі казинода көзге түскен қызметкерлеріне қатысты тексеріс бастады
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстанның қорғаныс министрлігі казиноға барған қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр.

Бұған дейін Алматы облысы прокуратурасы мемлекеттік қызметкерлердің 507 миллион теңгесін құмар ойынға жұмсағанын хабарлады. Прокуратура дерегінде тізімде 305 мемлекеттік қызметкер бар.

Министрлік Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері мен азаматтық персоналдарының құмар ойындармен айналысуының алдын алу және анықтау мақсатында жүйелі түрде тексеру жұмыстары жүргізілетінін хабарлады. Ойынға құмар адамдармен үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың бұл әрекеттері әскери қызметтің беделіне нұқсан келтіретіні туралы қатаң түрде ескертіледі.

Тиісті нәтиже болмаған жағдайда мұндай әскери қызметшілердің Қазақстан Республикасының Қарулы күштері қатарында әрі қарай қызмет өткеру мәселесі күн тәртібіне шығарылады, - деп жауап берді министрлік Halyq Uni ресми сауалына.

Қазір Алматы облысы прокуратурасының материалдарында көрсетілген жауапты адамдарға қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады, деп толықтырды министрлік.

Айта кетері, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі үш қызметкерінің казиноға барғанына қатысы жауап берді.

Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жекелеген мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысу мәселелері бойынша тиісті тексерулер жүргізіп жатқанын хабарлады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама