«Ойынханада он минут болған»: Антикор казиноға барған қызметкерлеріне қатысты түсініктеме берді
Құмар ойынға ақша жұмсағандардың арасында Антикордың үш қызметкері бар екені көрсетілген
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі казиноға барған қызметкерлеріне қатысты түсініктеме берді.
Halyq Uni агенттікке ресми сауал жолдап, қызметкерлерінің казиноға барған-бармағанын нақтылауды, сондай-ақ олардың лауазымын атауды сұрады.
Бұған дейін Алматы облысы прокуратурасы мемлекеттік қызметкерлердің 507 миллион теңгесін құмар ойынға жұмсағанын хабарлады. Прокуратураның дерегінше, 305 мемлекеттік қызметкер казиноға барған.
Оның ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің үш қызметкері бар. Агенттік олардың әрқайсысы бойынша ақпарат берді.
Үш адамның бірі агенттікте бұрын жұмыс істеген азамат екені анықталды.
«Бірінші жағдайда, жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша аталған адамдардың бірі басқа өңірдің (Алматы облысынан басқа – Halyq Uni) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарынан босатылған және ойын мекемесіне барған кезде жекеменшік мекемеде жұмыс істеп жүрген бұрынғы қызметкер екені анықталды», - деп жауап берді агенттік Halyq Uni ресми сауалына.
Екінші жағдайда казиноға қызметкер өндірістегі материалдар бойынша ресми жедел-іздестіру шараларын жүргізуге байланысты барған.
Сонымен қатар видеожазбалардан бұл қызметкер ойын ойнау үшін ақы төлемегені және құмар ойындарға қатыспағаны анықталды. Қызметкер ойын мекемесінің ғимаратында шамамен 10 минут болған, - деп хабарлады агенттік.
Агенттіктің хабарлауынша, үшінші жағдайда белгісіз азамат өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерінің атынан тіркеген.
Белгісіз адам казиноға барып, басқа өңірде қызмет атқарып жүрген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органы қызметкерлерінің бірінің дербес деректерін ұсынғаны белгілі болды. Бұрмалау фактісі фото және видеожазбалар арқылы расталады, - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Осы жағдайға байланысты казино әкімшілігі қазір ішкі қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Азаматтың жеке басы анықталып жатыр.
Сондай-ақ агенттік мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтауы, оның ішінде ойын мекемелеріне баруы және құмар ойындарға қатысуын бақылау агенттіктің өзіндік қауіпсіздік бөлімшесі қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атады.
Айта кетері, бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жекелеген мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысу мәселелері бойынша тиісті тексерулер жүргізіп жатқанын хабарлады.