Келесі сот отырысы 31 қазанда өтеді
Талдықорғанда қаңтарда азаматтарды үтікпен азаптау бойынша айыпталған бес полицейге қатысты іс жалғасып жатыр. Іс бойынша сегізінші сот отырысына дейін бір айыпталушы қамауға алынды.
Жәбірленуші тарап бұған дейін қалған төрт айыпталушыны да қамауға алу туралы өтініш берді. Алайда сот өтінішті қанағаттандырмады.
Істі судья Бекмұрат Дүйсенбеков қарап жатыр.
«ӘКІМНІҢ БАСЫН ЖАРҒАНЫҢДЫ МОЙЫНДА ДЕП АЗАПТАДЫ»
Сот процесінде жауап беруді іс бойынша жәбірленуші Берікбол Есболатұлы бастады. Ол ұсталып, азапталған кезде кәмелет жасына толмаған еді. Оның сөзінше, полициейлер «әкімнің басын жарғаныңды мойында» деп, денесіне үтік басқан.
«Түнге сағат екі кезінде полиция департаментінің төртінші қабатына шығарып, мені, Арғынбек Жақсыбек, Айтмолда Райбек үшеумізді бір кабинетке кіргізді. Ол жерде ұрып-соқты. Қолымызда кісен болды. Жерге жатқызып қойып, бұрышта үтікті қыздырды. Бірінші бір метр жерден бетіме буын шашты. Алыстау болған соң бетім күймеді. Басында үтікті киімнің сыртынан жүргізді. Кейін арқамды ашып, басып күйдірді. «Алаңға не үшін шықтың? Тас лақтырып, әкімнің басын жарғаныңды мойында» деп азаптады», - деді Есболатұлы.
Жәбірленуші Әділет Нүсіпбай полицей Айдын Кенжебаевтың әрекетіне қатысты ақпарат берді. Оның сөзінше, полицей ұрып-соғып, үтік басып өзі жасамаған қылмысты мойындатқан.
«Басында ішкі істер департаментіне алып барғанын үш күн өткеннен кейін білдім. Дәлізде жатқан кезімде Айдын Кенжебаев келіп: «әкімшілік, Nur Otan (қазіргі Amanat) ғимаратын өртегеніңді, қару ұрлағаныңды мойындайсың ба?» деді. Мойындамағаннан кейін, ұрып-соғып, үтік баспақ болды. «Мойындамасаң, атып тастаймыз, ешкім таппай қалады» деді. Төртінші қабатқа түсіріп тергеуге алып барды. Ұрып-соққаннан кейін мен істемеген ісімді мойындадым. Осыдан кейін анам келді. Анамның көзінше тағы тергеді. Ол кезде барлығын мойындап, құжаттарға қол қойып бердім», - дейді Нұсіпбай.
Айта кетейік, Әділет Нүсіпбай 17 жаста, қазір 11-сыныпта оқиды.
Жәбірленуші Санжар Болатұлы қару ұрлау әрекетін мойындату үшін полицияның ұрып-соғып, азаптағанын айтты. Оның сөзінше, полиция қызметкері Сапар Тоқташ автоматпен ұрып қабырғасын сындырған.
«Маған «қару ұрлады» деген айып таққысы келді. Оны мойындаған жоқпын. Құжаттарға қол қойғым келмеді. Сол кезде диванда Сапар Тоқташ деген кісі отырды. Ол келді де «мойындағың келмей тұр ма?» деп автоматпен ұрды. Сол уақытта қабырғам сынды», - деді Болатұлы.
Сот отырысы соңында жәбірленушілер істі қайта тергеуге жіберуді сұрап, сотқа өтініш жасады. Судья өтінішті қарау үшін келесі процесті 31 қазанға белгіледі.
Бұған дейінгі сот отырысында жәбірленуші Сарқыт Салқанов полиция департаментінде қалай азапталғанын айтты.
Қылмыстық іс 4 тамызда сотқа жіберілді.
21 қазанда Қаңтар оқиғасы кезінде адамдарды үтік басып азаптады деп айыпталған полицей Айдын Кенжебаев қамауға алынды.
Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы