×

«Таяқты сезбей қалдым»: үтікпен азаптау ісі бойынша жәбірленушілер оқиғаның қалай болғанын айтты

Іс бойынша бес полицей күдікті деп танылған

 Халық үні 17.10.2022 | 18:25
Halyq Uni

Талдықорған қаласында Қаңтар оқиғасы кезінде адамдарды азаптады деп айыпталған полицейлер ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сот отырысында жәбірленуші Сарқыт Салқанов полиция департаментінде қалай азапталғанын айтты. Оның сөзінше, кабинетте бірнеше рет талып қалған.

«Кабинетте мені 3-4 рет талдырып тастады. Есімді білмеймін. Күндіз келдім бе, түнде келдім бе білмеймін. Таяқтан шаршағанымнан ұйықтап кете бердім. Миым істемей қалды ма, жоқ әлде ұйқы безім қысылып қалды ма ол да белгісіз. Басында таяқ батқан, аяғында таяқты сезбей қалдым. Түнімен тепкіледі...», - деді Салқанов.

Ол тергеуде кезінде екі адамды таныған. Айтуынша, іс бойынша сотталушылардың арасында оның бірі жоқ. Соған байланысты жәбірленуші тарап судьядан істі қайта тергеуге жіберуді сұрады.

«Тергеу кезінде Айдын Кенжебаев пен Бақытжан деген екі кісіні таныдым. Бұған дейін бірнеше рет сот отырысы болыпты. Оларға қатыса алмадым. Үйқамақта отырдым. Келе алмадым. Рұқсат бермеді. Бұл жерде Айдын бар да, екінші кісі жоқ. Беттестіру екеуімен бір күнде болды. Бұл жерде бір шикілік болып тұр. Мені итше тепкілеген адам жоқ. Істі қайта қарау керек. Мен көрсеткен жігітті осы жерге алып келу қажет. «Мен таныған адам тергеуге неге келмеді?» деп сұрасам, «ол жігітті Батырбаев екеуің ғана таныдыңдар, басқа дәлел жоқ» деді. Дәлел болу үшін видео болу керек дейді. Ол күні полиция департаментінің камерасы өшік тұрды. Телефондарымызды тартып алды. Қайдағы видео? Біз бір жұтым суға зар болдық», - деді Салқанов.

Салқыновтың өтінішін жәбірленуші Айтов пен Теңізбаев және күдіктілердің адвокаттары да қолдады. Бірақ судья Бекмұрат Дүйсенбеков өтінішті қанағаттандырмады.

Бұған дейінгі сот отырысында Дәурен Айтов пен Арман Теңізбаев та істе тергеу кезінде таныған адамдардың жоқ екенін айтып, қайта тергеу өткізуді сұраған. Ол кезде де судья өтінішті қанағаттандырмаған.

Сотта 17 жастағы Арлан Құттыбаевты жәбірленуші емес, куәгер деп көрсеткені белгілі болды. Осыған байланысты сот залында дау шықты. Судья жиналғандарды сабырға шақырды. Прокурор істе жоқ қызметкерлердің бөлек тексеріліп жатқанын айтты. Бірақ нақты қай іс бойынша тексерілетінін айтпады. Сот процесі кезінде судья төрт жәбірленушінің қалай азапталғанын тыңдады да, сот отырысы аяқталғанын хабарлады. Келесі сотты 28 қазанға белгіледі.

Айта кетейік, Талдықорғандағы үтікпен азаптау ісінде 23 адам жәбірленуші, 5 полиция қызметкері күдікті деп танылған. 17 қазанда жетінші сот отырысы өтті.

Қазірге дейін сот отырысы бірнеше рет кейінге қалдырылды.

Қылмыстық іс 4 тамызда сотқа жіберілді.

10 қыркүйекте өткен сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Әсем Түсіпова судья Бекмұрат Дүйсенбековтен кепілмен бостандықта жүрген полиция қызметкерлерін қамауға алуды сұрады.

Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама