Әйелдердің 61 жаста зейнетке шығуына мүмкіндік беретін заң жобасы мақұлданды
Құжат Президент жолдауындағы мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутат Жәмилә Нұрманбетованың айтуынша, құжат мемлекеттік жастар саясаты саласын жетілдіруге, қоғамдық қатынастарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыруға, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, жастардың дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар «жастар» ұғымының жас шегін 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтуға бағытталған түзету енгізді. Бұл – жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Жергілікті атқарушы органдарға жастарға жеңілдікпен жалға берілетін тұрғын үй тапсыру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және іске асыру бойынша жаңа құзырет беруге бағытталған түзетулер енгізді, - деді ол.
Сондай-ақ депутат Президенттің биыл 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру үшін депутаттар заң жобасы аясында әлеуметтік блокқа қатысты тиісті түзетулер енгізгенін атап өтті.
«Осыған байланысты бала күтімі бойынша төлемдерді тағайындау кезеңінің ұзақтығын 1,5 жасқа дейін ұлғайту, ең төмен базалық зейнетақы мөлшерін ең төмен күнкөріс деңгейінен 70%-ға дейін, ең жоғары базалық зейнетақы мөлшерін 120%-ға дейін дәйекті түрде жеткізу, әйелдер үшін зейнетке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекіту, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс шегін 46 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 55 еселенген деңгейге дейін ұлғайту ескерілген. Заң жобасы шеңберінде қаралатын мәселелер аясының кеңеюін ескеріп, депутаттар заң жобасының тақырыбын «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгерту жөнінде ұсыныс енгізді», - деді Жәмилә Нұрманбетова.
Айта кетейік, биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыру туралы тапсырма берген еді.