×

Аймағамбетов кітапханашыларды кәсіби мерекесімен құттықтады

Бүгінде еліміздің мектептерінде 8 мыңға жуық кітапханашы жұмыс істейді

 Динара Амантай 24.10.2022 | 16:13
Фото: @aimagambetov

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қазақстандық кітапханашыларды кәсіби мерекесімен құттықтады деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министр кітапханашылардың еліміздің білім мен мәдениетін дамытуға қосып жүрген үлесін атап өтті.

Өңірлерге іссапармен барғанда міндетті түрде мектеп кітапханаларын аралаймын. Сонымен қатар кітапханашылармен әңгімелесіп, кітапханалардың көркем әдебиетпен қамтамасыз етілуін, жөндеу және жабдықтау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын тексеремін. Бұл шаралардың барлығы Президенттің тапсырмасы бойынша «Оқуға құштар мектеп» республикалық жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр, – деп жазды Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, былтыр жобаны іске асыру аясында мектеп кітапханаларына 2 млн-нан астам кітап сатып алынса, биыл 1,5 млн кітап жеткізілген. Бұл - отандық және әлем әдебиеті.

Бұған қоса министр оқушыларды кітап оқуға баулу, олардың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту маңызды екендігіне назар аударды.

Әрине, бұл жұмыстың барлығы кітапханашылардың еңбегінсіз мүмкін емес. Бүгінгі таңда еліміздің мектептерінде 8 мыңға жуық кітапханашы (7 841) жұмыс істейді. Балалармен тіл табысу, оларды кітап оқуға баулу, жарық көрген үлкен әдебиеттер ағынын шарлау, кітап қорын білу және оқушылар мен колледж студенттеріне кітап оқуға кеңес беру – үлкен интеллектуалды жұмыс. Сондай-ақ ғылыми фантастикаға да көп көңіл бөліп жатырмыз. Айзек Азимов, Рэй Бредбери, ағайынды Стругацкий және басқа авторлардың шығармалары қиялдың, ойдың дамуы үшін өте маңызды. Жыл сайын балалар көркем әдебиетін сатып алудың арқасында баспагерлер оларды мемлекеттік тілге аударуға белсене кіріскені қуантады. Әріптестеріммен әңгімелескенде өз ісіне адал, кәсіби кітапханашылардың кішкентай оқырмандарымыз үшін кітапханадан ерекше бөлек әлем құрып жатқанын байқаймын. Бүгінгі мереке - осы мамандықтың қаншалықты маңызды екенін мойындау. Оқушылар мен студенттер еңбектеріңізді жоғары бағалайтынына сенімім мол. «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру шеңберінде салынатын мектептерде заманауи жабдықтары бар кітапханалардың жаңа форматы және кітапханашылар мен оқырмандар үшін ыңғайлы кеңістікті ұйымдастыру қарастырылған. Кәсіби мереке құтты болсын, құрметті әріптестер! – деп жазды ведомство басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама