×

Жетісу облысында цемент зауытының жұмысшылары наразылыққа шықты

«Alacem» зауытының көлік жүргізушілері жиналып, жұмысқа шығудан бас тартты

 Халық үні 20.10.2022 | 09:20
Коллаж: Халық үні

Жетісу облысында цемент зауытының жұмысшылары наразылыққа шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Кербұлақ ауданындағы «Alacem» зауытының көлік жүргізушілері жиналып, жұмысқа шығудан бас тартты. Жұмысшылар басшылықтан жалақыны көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етті. Олар жүк көліктерінің техникалық жағынан қадағаланбауына да наразы.

Жиналғандар жүк көлігі жүргізушілерінің еңбекақысы тарифтік жүйе арқылы төленіп отырғанын айтты. «Alacem» ЖШС өндіріске қажетті шикізатты Сарөзек – Көктал жолының 65 шақырымында орналасқан карьерден тасымалдайды. Жұмысшылар бір рейске 4 200 теңге ақы алады.

Азық-түлік қымбаттап, баға шарықтаған заманда мұндай еңбекақыға өмір сүру мүмкін емес, - дейді олар.

Олардың сөзінше, жұмысшылар бұған дейін де жалақы мәселесін көтеріп, бірнеше рет наразылыққа шыққан.

Зауыт басшылығына бір ай бұрын хат жазып, мәселесін жеткізген. Алайда олардың арызына ешкім көңіл аудармаған.

Зауытта шыққан шуға байланысты аудан әкімі Қанат Есболатов «Alacem» зауытында жұмысшылармен кездесті. Мәселенің мән-жайын білді. Одан кейін ғана зауыттың басқарушысы Болысбай Момбай жүк көлігі жүргізушілерінің өтініші 10 жұмыс күні ішінде шешілетінін айтты.

Айта кетейік, «Alacem» ЖШС Кербұлақ ауданы орталығынан 7 шақырым жерде орналасқан. Жылына 1,2 миллион тонна өнім өндіріп, 600-ден аса адамға тұрақты жұмыс орнын ұсынып отыр.

Әмина Құдайберген, Жетісу облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама