Органын беруге 1200 адам ғана келіскен. Ал донорға мұқтаж науқастар саны 3532

Айнұр Шошаева

Олардың 67-сі балалар

Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанның Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы елімізде орган алмастыруға мұқтаж науқастардың статистикасын жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni

Денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын бұл орталық ел аумағында транспланттау қызметін дамыту мақсатында құрылды. Орталық орган донорлығының тиімді ұлттық жүйесін құру және трансплантология ғылымын дамытумен айналысады. Қазақстандағы транспланттау қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету үшін, облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өкілдіктер құрылған. Елде қазір 40 донорлық стационар, транспланттау бойынша ота жүргізуге лицензиясы бар 7 транспланттау орталығы қызмет етеді. 

Орталықтың сайтында қазан айындағы пациенттердің күту парағының статистикасы жарияланған. Соған сәйкес, елімізде  3532 науқас орган трансплантациясын жасату үшін донорға мұқтаж. Атап айтқанда ересектердің арасында 3133 науқас донорлық бүйрек күтіп отыр. Сондай-ақ 168 науқасқа бауыр, 16 өкпе, 145 жүрек және 3 жүрек-өкпе кешенін қажет. 

Бұған қоса, донор күтіп отырған науқастардың арасында кәмелетке толмаған балалар да бар. Мәселен, қазір 50 бала бүйрек, 7 бала бауыр, 7 бала жүрек пен 3 бала жүрек-өкпе кешенді органын күтіп отыр. 

Айта кетейік, еліміздің eGov платформасында өлімнен кейін донор болуға келісім беру немесе бас тарту туралы өтініш формасы бар. Порталдың кез келген қолданушысы денсаулық сақтау бөліміне кіріп, аталған форманы толтыра алады. Алайда соңғы статистика қазақстандықтардың орган беруді құптамайтынын көрсетіп отыр. 

Мәселен, соңғы мәліметтер бойынша 25 мыңға жуық қазақстандық eGov арқылы донорлыққа ниет білдірген. Алайда 1200 мың адам ғана келісім беріп, қалғаны донор болудан бас тартты. 

Еgov.kz порталында кез келген қазақстандық донорлыққа келісім беру немесе бас тарту туралы өтініш қалдыра алады.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда отандық дәрігерлер қазақстандықтарды донор болуға шақырған еді.