Қаңтар оқиғасы бойынша жауапқа тартылған күдіктінің ісі сотта әлі қаралмаған
Бүгінде құқық қорғау органының бір қызметкері рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Бүгінде (қаңтар оқиғасы бойынша – автор) құқық қорғау саласындағы 49 қызметкер жауапқа тартылып жатыр. Оның біреуіне ғана рақымшылық қолданылуы мүмкін. Алайда іс әлі сотқа жіберілген жоқ. Ол (Қылмыстық кодекстің – автор) 430-бабы, яғни қылмысты жасыру дерегі бойынша тіркелді», - деді Әсет Шындалиев Мәжілстің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, қалған 48 қызметкер рақымшылыққа ілікпейді.
Қалған істер азаптау, билікті асыра пайдалануға қатысты. Оларға (рақымшылық – авт.) жасалмайды, - деді Бас прокурордың орынбасары.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мақұлданды. Болжам бойынша, рақымшылыққа 1,5 мыңға жуық адам ілігуі мүмкін. Олардың басым бөлігі – қарапайым азаматтар: жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар, ұрлық жасағандар және тағы басқа қылмыс жасағандар.