Қаңтар оқиғасы: рақымшылыққа нақты кімдердің ілінбейтіні белгілі болды

Дәурен Ерболат

Жазасын өтегендерден соттылығы алынады

фото: ашық дереккөз

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында қаңтар оқиғасына қатысқандарға «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасы қаралады деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Заңның мақсаты – Қазақстанда 2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығында жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты не олардың жолын кесу кезінде қылмыстық құқықбұзушылықтар жасаған адамдарды қылмыстық жауаптылықтан босату не оларға соттар тағайындаған жаза мерзімдерін қысқарту.

Құжатта теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған тәртіпсіздіктерге қатысушыларға қатысты қылмыстық істер тоқтатылады. Олар бойынша сотталғандар жазадан босатылады, ал жазасын өтеген адамдардан сотталғандығы алынады деп көрсетілген.

Ауыр қылмыстар жасаған адамдарға соттар тағайындаған жазалар ¾-ке, аса ауыр қылмыстар ½-ге қысқартылады. Егер сотталғандардың Рақымшылық жасау туралы заң қолданысқа енгізілген күнге жазасын өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, негізгі жаза оның бүкіл өтелмеген мерзіміне қысқартылады, - деп жазылған қорытындыда.

Сондай-ақ заң жобасында кімдердің рақымшылыққа ілінбейтіні нақты көрсетілген.

Қылмыстардың қайталануы немесе қауіпті қайталануы кезінде жазасы тағайындалған. Террористік, экстремистік, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, мемлекетке опасыздық жасаған, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырған, азаптаулар, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар жасаған адамдарға рақымшылық жасалмайды, - деп жазылған құжатта.

Мәжілістің тұрақты комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындыларын ұсынған.

Айта кетейік, өткен аптада Мәжіліс аталған заң жобасын қарауға алған еді. Өйткені биыл президент каңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасауды ұсынған болатын.