Павлодарда балабақша тәрбиешісі 5 жасар баланы ұрып-соққан

Динара Амантай

30 жастағы тәрбиешіге қатысты әкімшілік іс қозғалды

Фото: polisia.kz

Павлодарда мамандандырылған балабақшада тәрбиеші 5 жасар балаға қол көтерген деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Instagram желісіндегі парақшалардың бірінде Павлодар қаласының тұрғыны баласының денесінде көгерген іздердің, ұрып-соғудың белгілілерін байқағанын айтып шағымданған. Келесі күні балабақша басшылығына барып, жағдайды анықтау үшін бейнекамералардағы жазбадан баласын тәрбиешінің ұрып-соққанын көрген. Осы шағыммен әйел полиция қызметкерлеріне барған. Алайда мектепке дейінгі білім беру ұйымының басшылығы демалыс кезінде бейнекамерадағы жазбалардың өшіп қалғанын жеткізген.

Полиция аталған жағдайға байланысты тексеру жүргізіп, Павлодар қаласының Урицкий көшесінде орналасқан №52 балабақша тәрбиешісінің 2017 жылы туған балаға дене жарақатын салғанын анықтады.

Бұл факті бойынша сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша балаға түскен дене жарақаттары денсаулыққа жеңіл зиян келтірумен сәйкес келеді. Осыған байланысты балабақшаның 30 жастағы тәрбиешісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабы 1-бөлігі («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал сотта қаралады, – делінген полиция хабарламасында.

Сондай-ақ тексеру нәтижелері осы мектепке дейінгі мекеменің қызметкері мен басшысына қатысты тәртіптік шараларды қабылдау үшін облыстық білім басқармасына жіберілетін болды.