Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған күдіктіні арнайы жасақ ұстады
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр
Қарағандыда арнайы жасақ заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған ер адамды ұстады деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
ҚМА Қарағанды облысы бойынша департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған күдіктіні анықтады.
Биыл қыркүйекте басқарма қызметкерлері Қарағанды облысы ПД «СОБР» арнайы жасағымен бірлесіп, Қарағандыдағы қонақ үйлердің бірінде астыртын жұмыс істеген покер клубының қызметін әшкереледі. Тінту барысында ақша, ұялы телефондар, покер фишкалары, ойын карталары, покер жиынтығы және покер ойнауға арналған үстел табылып, тәркіленді. Заңсыз ойын бизнесін Қарағанды облысының тұрғыны ұйымдастырды, - деп жазылған хабарламада.
Тергеуде ойын бизнесін ұйымдастырушы пайда табу мақсатында ойын фишкаларын айырбастаған және сатқан. Ол осы қызметі үшін түскен пайданың 3-4%-ын алған. Бұл фактілер бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды.