Halyq Uni логотип
×

ҰҚК Петропавлды орыстың жері деген жасөспірімдерге тексеру жүргізіп жатыр

Тексеру және сараптама нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады

 Айгерім Таубай 18.10.2022 | 15:00
ҰҚК Петропавлды орыстың жері деген жасөспірімдерге тексеру жүргізіп жатыр
Фото: скриншот

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресейді қолдайтынын айтқан кәмелет жасына толмаған екі қызға қатысты тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұған дейін әлеуметтік желіде екі петропавлдық жасөспірімнің қазақстандықтардың Ресейді қолдайтынын айтқан видеосы тарады. Олар әңгіме кезінде Петропавлды орыстың жері деп атайды.

Сондай-ақ олардан «Тоқаев пен Путин арасында таңдау жасау қажет болса, кімді таңдар едіңдер?» деп сұраған. Екі жасөспірім Путинді таңдайтынын айтқан.

Halyq Uni Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдап, екі жасөспірімге қатысты қандай шара қолданылатынын сұрады.

«ҚР азаматтары, Петропавл қаласының тұрғындарының YouTube видеохостингіндегі ықтимал сепаратистік бағытта сөйлеу фактісі бойынша ҰҚК Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің «Ақпаратты есепке алу кітабы» автоматтандырылған дерекқорына тіркелді. Қазір тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатыр», - деп жауап берді ҰҚК.

Сондай-ақ сараптама тағайындау туралы мәселе қаралып жатқанын хабарлады.

Нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады, - деп толықтырды Ұлттық қауіпсіздік комитеті.

Айта кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі жасөспірімдерге профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізілгенін хабарлады.

«Тексеру барысында мәлімдеме жасаған екі қыздың Қазақстанның кәмелет жасқа толмаған азаматшалары екені анықталды. Ішкі істер органдары қызметкерлері құзыретті мемлекеттік органдармен бірлесіп олардың кәмелет жасқа толмағанын ескеріп, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді», - деп жауап берді ішкі істер министрлігі.

Сондай-ақ олардың ата-аналарына және білім алып жатқан оқу орындарының басшылығына тиісті тәрбие жұмыстарын жүргізу қажет екені айтылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама