Атырауда бір отбасының 6 мүшесі газдан уланып, біреуі көз жұмды

Динара Амантай

Уланудың басты себебі – газ қазандығының құбыры тот пен қоқыстан бітеліп қалған

Фото: Halyq Uni

Атырауда бір отбасының 6 адамы газдан уланып, біреуі көз жұмды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші қызметіне жедел медициналық жәрдем станциясынан қоңырау түскен.

Дәрігерлер Атырау қаласындағы ауруханаға табиғи газбен уланған 6 адам түскенін хабарлады. 3 бала мен 1 жасөспірім облыстық балалар ауруханасына, 2 ересек адам облыстық ауруханаға жеткізілді. Алайда 90 жастағы әжені құтқару мүмкін болмады. Ол уланғаннан кейін көз жұмды. Зардап шегушілердің қалғаны медициналық көмек көрсетілгеннен кейін есін жиды. Қазір олардың жағдайы тұрақты, - деп мәлімдеді Атырау қалалық ТЖБ бастығының орынбасары Магомед Ахриев.

Оның айтуынша, уланудың басты себебі – газ қазандығының құбыры тот пен қоқыстан бітеліп қалған. Соның салдарынан от сөніп, газ тарала бастаған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Абай облысында бір отбасының ыстан уланып қалғаны туралы хабарлаған болатынбыз.