Halyq Uni логотип
×

Пәкістанда автобус өртеніп, 18 адам мерт болды

Көлікте бір ауылдың 55 жолаушысы болған

 Динара Амантай 14.10.2022 | 09:42
Пәкістанда автобус өртеніп, 18 адам мерт болды
Фото: Halyq Uni

12 қазан күні кешке Пәкістанның Синд провинциясында жолаушылар автобусы өртеніп, 18 адам, оның ішінде 8 бала қаза тауып, тағы 28 адам зардап шекті. Бұл туралы жергілікті полиция бастығының орынбасары Ваджид Тахим мәлімдеді деп хабарлады Halyq Uni тілшісі, Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Полиция қызметкерінің айтуынша, оқиға Джамшоро округіндегі Нұрабад маңында болған. Автобус Карачи портты қаласынан Даду округіндегі Хайрпур-Натан-Шахқа қарай бағыт алған.

Бастапқы тергеу өрттің салқындату жүйесіндегі ақаудан шыққанын көрсеткен. Полиция, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер оқиға орнына дереу жетіп, өртті сөндіріп, зардап шеккендер мен құрбан болғандардың мәйіттерін ауруханаға жеткізген.

Бұған қоса, автобуста бір ауылдың 55 жолаушысы болғаны белгілі болды.

Аурухана қызметкерлері қатты күйік шалған зардап шегушілердің жағдайы ауыр екендігін айтып, қаза тапқандардың саны артуы мүмкіндігін ескертті.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтөбе облысында автобус аударылып, бір топ адамның ауруханаға түскені туралы хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама