×

Ақтөбе облысында автобус аударылып, бір топ адам ауруханаға түсті

Көлікте 55 жолаушы болған

 Динара Амантай 13.10.2022 | 16:08
Фото: inform.kz

Бүгін, 13 қазан күні Ақтөбе облысы Ақжар ауылының маңындағы Самара-Шымкент тасжолында автобус аударылып, бірнеше жұмысшы ауруханаға түсті деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін сағат 09:00-де Самара – Шымкент тасжолының Хромтау қаласы маңында жол апаты болды. Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Neoplan» маркалы автобус аударылып қалған. Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінен 22 қызметкер мен 4 техника жіберілді. Сонымен бірге апатты медициналық орталық пен полиция, жедел жәрдем қызметі барды.

Автобуста 55 жолаушы болған. Олардың барлығы ауысымға бара жатқан күзет агенттігінің бірінің қызметкерлері екені анықталды.

Оқиға орнына облыстық ТЖД-нің бастығы Марғұлан Аманбаев пен Өрт сөндіру қызметінің бастығы А.Қадыров кетті. Алдын ала түскен мәлімет бойынша автобус ішінде 55 адам болған. Оның 14-і жараланған, –  деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Ал Хромтау аудандық ауруханасының бас дәрігері Мақсат Серғазиннің айтуынша, автобустағы 34 адам емдеу мекемесіне жеткізілді. Оның екеуі интенсивті терапия, оны хирургия, екеуі гинекология бөлімдеріне жатқызылды. Өзгесін дәрігерлер әлі де тексеріп жатыр.

«Жарақат алған адамдарды қарап болған соң оларды үйіне жібереміз немесе бөлімдерге бөлеміз. Жолаушылар түрлі жарақат алған. Сүйегі сынған, бас-ми жарақаты тіркелді. Ем-дом жасау үшін дәрі-дәрмек бар. Қазіргі кезде өзімізде емдейміз», –  деді Мақсат Серғазин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама