×

Қапшағайда 400 га жер қытайларға берілген – қоғам белсендісі

Қытайлармен біріккен компанияның жартысы Болат Әбілевке тиесілі

 Ербол Тұрымбет 11.10.2022 | 15:23
Коллаж: Halyq Uni

Болат Әбілев 2016 жылы жер дауы өршіп, шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де мораторий жарияланған шақта қытайлармен бірігіп, Қапшағай қаласының жанынан күн электр станциясын салу үшін 400 га жерді жалға алған. Бұл туралы Halyq Uni тілшісіне талдықорғандық қоғам белсендісі Нұр Қанатұлы айтты.

Оның айтуынша, биыл көктемде оған Алматы облысында ауыл шаруашылығымен айналысатын 3-4 жігіт хабарласып, ұзақмерзімді жалға жер ала алмай жүргендерін айтқан. Облыс әкімдігінде бір жауап – «жер жоқ!».

Содан кейін мониторинг жасап, неге жер берілмей жатқанын түгел зерттедім. Құзырлы органдармен сөйлесіп, бәрін анықтап, мәліметтерді жинадым. Өзім наурыз айына дейін Талдықорған қаласының әкімдігінде жұмыс істегем. Сондықтан көбін танимын, бұрыннан байланысымыз бар. Сол арқылы бүкіл мәліметті жинап, соңғы 10 жылда кімге берілді, кімге берілмегенін, не себепті берілмегенін түгел анықтадым. Соны зерттеп жатқан кезде біз қызық жайтқа, анығырақ айтсам, Қапшағай жақтағы бір фирмаға көзім түсті. Құрылтайшыларын қарасам, қытайлар жүр, 51%-ы солардікі, дейді ол.

2016 жылғы көктемдегі митингтер бәрімізге белгілі. 2015 жылы 2 қарашада Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жалға беру мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылған еді. Бұл заң 2016 жылдың 30 наурызында қолданысқа енгізілген соң халық наразылығын білдірді. Атырауда басталып, еліміздің бірнеше өңірінде жалғасты.

Ақыры мамыр айында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексіндегі осы өзгерістерге қатысты 2016 жылдың аяғына дейін мораторий енгізіп, жарлық шығарды. Және де жер реформасы жөніндегі комиссия құрылды. Ол комиссия мораторий мерзімін тағы 5 жылға созды.

Соның ішінде атап өтерлігі, құрылтайшылардың құрамындағы шетелдіктердің үлесі 50%-дан асатындарға да тыйым салынды.

Нұр Қанатұлының сөзінше, Болат Әбілевтің сол жылы желтоқсан айында қытайлармен бірігіп құрған «ENEVERSE KUNKUAT» ЖШС-і әкімдіктен күн электр станциясын салу үшін жер алған.

Біздің Қапшағай қаласының, Алматы облысының шенеуніктері мораторийге де қарамай, заңсыз 400 га жерді 49 жылға жалға береді. Сол жерді жалға алып жатқанда компаниядағы қытайлардың үлесі 51% болған. Демек, компания басым дауыспен Қытайдың басқаруында болды. Біздің әкімдіктегілер осы шешімді қабылдағанда қандай негізге сүйеніп берді деген сұрақ туады, дейді ол.  

Талдықорғандық белсенді қазір осы мәселе бойынша Экономикалық тергеу қызметіне осы мәселені тексеру бойынша арыз жазып қойған. Тергеу жүріп жатқанына бір айдан астам уақыт өткен. Өзі де қолға алған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбауға бекінген. Айтуынша, қолында нақты құжат күйіндегі дәлелдері бар. Бірақ сот болмай жариялағысы жоқ.

Осы орайда, Алматы облыстық әкімдігінің жауабын білмек болып хабарласқанымызда, «жер шынымен де берілген, бірақ жалғыз Болат Әбіловқа ғана берілген» деген жауап алдық.

Айта кетейік, аталған күн электр станциясы 2019 жылдың 3 қыркүйегінде іске қосылды, қуаттылығы 100 МВт. Жобаға бастамашы болған осы «ENEVERSE KUNKUAT» ЖШС. Kapital.kz мәліметінше, компанияның түпкі қожайыны Шанхайда орналасқан Universal Energy Co., Ltd (UE)

Жобаның ашылуына орай компания атынан Ораз Жандосов пен Болат Әбілев Қапшағай қаласының жағдайы нашар тұрғындарына жаңадан салынған үйден 250 млн теңгеге 30 пәтер сатып алып берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама