×

Қырғызстан ҰҚШҰ-ның «Мызғымас бауырластық – 2022» оқу-жаттығуларын өткізуден бас тартты

Іс-шара қазанның 10-ы мен 14-і аралығында өтуге тиіс болатын

 Динара Амантай 09.10.2022 | 13:13
Фото: ашық дереккөз

Қырғыз Республикасының Қорғаныс министрлігі Балықшыда өтуге тиіс болған «Мызғымас бауырластық – 2022» оқу-жаттығуларынан бас тартты деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі, 24.kg сайтына сілтеме жасап.

Ақпараттық порталдың мәліметінше, Балықшыдағы №20636 әскери бөлімінің «Эдельвейс» оқу-жаттығу орталығында қазанның 10-ы мен 14-і аралығында өтуге тиіс «Мызғымас бауырластық – 2022» командалық-штабтық оқу-жаттығуларын өткізуден Қырғыз Республикасының Қорғаныс министрлігі бас тартты. Бас тартудың себебі әзірге белгісіз.

Маусым айында қорғаныс ведомствосы бұл жаттығуларды ұйымдастыруға дайындық басталғанын хабарлаған болатын. Бұған қоса ҰҚШҰ бітімгершілік күштерімен «Мызғымас бауырластық – 2022» командалық-штабтық оқу-жаттығуларына дайындық мәселелері бойынша екінші штабтық келіссөздер де өткен болатын.

Бұл жаттығуларға, жоспарланғандай, Тәжікстанның әскери қызметшілері де қатысуға тиіс еді. Алайда қырғыз-тәжік шекарасында болған қарулы қақтығыстан кейін көптеген қырғызстандықтар, сондай-ақ Жогорку Кенеш депутаттары Тәжікстан Республикасы Қарулы Күштерінің өкілдерін жаттығуларға жібермеуді талап етті. ҰҚШҰ оқу-жаттығулардың тоқтатылуына қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама