×

«Тамақтың ішінде тарақан жүр». Мектеп асханаларына қатысты шағым көп

Ата-аналар ас үшін жылына жарты миллион теңге төлейді

 Еркеғали Болатұлы 08.10.2022 | 10:19
фото: ашық дереккөз

Астанадағы халықаралық мектепте оқушыларға берілген тамақ ішінен тарақан шықты. Ата-аналар мектеп асханасының талапқа сай емес екенін айтып, шу көтерді деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Шикі тоқаш, күйген котлет пен шаш араласқан ботқаны балалар жей алмайды деседі ата-аналар. Сондықтан олар үйлеріне ашқұрсақ қайтатын көрінеді. Ал мектеп әкімшілігі мұны мойындамайды. Айтуларынша, асхана да, тамақ та барлық талапқа сай көрінеді.

Тамағынан шаш пен тарақан шыққанын оқушылар суретке түсіріп алған. Ал мектеп жекеменшік болғаннан кейін білім алушыларды тегін тамақпен қамтамасыз етпейді. Ата-аналар ас үшін жылына жарты миллион теңге төлейді. Сөйте тұра, сапасыз тамақ береді деп ашуланып отыр.

Ашып, бүлініп кеткен тамақтар беріледі. Балалар 90 пайыз тамақты лақтырады және күні кеше жәндік тауып алдық ішінен. Менің балам екінші жыл оқып жатыр. Екі жыл бойы онда дискинезия желчевыводящих путей деген диагноз койылды, - дейді ата-аналардың бірі Әсел Әкімова.

Мектеп басшылығы бұған қатысты жауабын «алдымен санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізіледі, соның нәтижесі шыққан соң ғана мәселенің мән-жайы белгілі болады» деп қысқа қайырған. Ал асханаға жауапты мердігер компания ата-аналардың шағымымен келіспейді.

Сонымен қатар, Алматы қаласының Әуезов ауданындағы №117 мектепте де оқушыларға шикі немесе көгеріп кеткен тоқаш, күйген котлет пен жағымсыз иісі бар жеміс-жидек берілетін көрінеді. Наразылық жиілеген соң ол мектепте тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптама тобы құрылған. Оның мүшелері де ата-аналардың уәжімен келісіп отыр. Бүгінде бұл мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар атқарылып, оған арнайы қамқоршылық кеңесі де атсалысып жатыр екен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама