Елде сақтық шараларын күшейту керек
Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов Қазақстанға келген ресейліктерді бейімдеу орталығын ашып, қазақ тілі мен тарихын оқытуды ұсынды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.
Қазақстан қай заманда да қысым көріп, өз елінен қашып, босқын болуға мәжбүр болған талай халықты өз басындағы қиыншылыққа қарамастан құшақ жая қарсы алып, аман алып қалғанына куә. Қазақстан өркениетті ел ретінде Ресей шекарасынан елімізге бас сауғалап, соғыстан қашқан ресейліктерге пана қылды... Өткен аптада көшіп келушілердің басым бөлігі Астана мен Алматыға, шекарадағы облыс орталықтарына орналасып жатыр. Онсыз да ішкі миграция салдарынан тұрғындардың саны күрт өскен үлкен қалаларымызға инфрақұрылымдық және әлеуметтік-экономикалық қысым артуда. Негізінен әскер жасындағы Ресей азаматтарының елімізге жаппай қоныс аударуы бүгінгі посткеңестік геосаяси жағдайда қатты алаңдатып отыр, - деді ол Мәжіліс отырысында.
Оның пікірінше, ресейліктер Қазақстан Конституциясы мен заңдарына қалтқысыз бағынуға, қазақ тілі мен салт-дәстүрін құрметтеуге міндетті.
Алайда Берік Дүйсенбинов миграциялық дағдарысты пайдаланып, ел ішінде іріткі салғысы келетіндер барын атап өтті.
«Өкінішке қарай, Қазақстанның кейбір өңірлерінде арандату оқиғалары болып жатыр. Бұл деректер бойынша қылмыстық істер қозғап, арандатушылардың әрекеттерін жол бермей жатқан құзырлы мемлекеттік органдарға ризашылығымызды білдіреміз. Осыған байланысты сізден Қазақстанда қанша Ресей азаматы бар екенін анықтап, жауап беруіңізді сұраймыз», - деді депутат.
Ол Үкімет жедел түрде тиісті сақтық шараларын қабылдап, мүдделі мемлекеттік органдарға төмендегідей тапсырма беруі тиіс екенін атап өтті:
Еске салайық, биыл 21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизация жариялаған еді. Кейін ресейліктер Қазақстан, Армения, Грузия елдеріне ағыла бастады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 353 мың ресейлік жүр.