×

Бәйдібек ауданында күрделі жөндеуді қажет ететін мектепте 250 оқушы білім алып жатыр

Майбұлақ ауылындағы мектеп 2009 жылы пайдалануға берілген

фото: Halyq Uni

Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданында пайдалануға берілгеніне 10 жылдан енді асқан мектептің тозығы жеткен. Едені шіріген, күн жауса су басатын мектеп оқушылары бір жерде отырып сабағын оқи алмайды екен.

Майбұлақ ауылындағы мектеп 2009 жылы пайдалануға берілген. Спорт залының едені әбден тозған. Тіпті, сабақ барысында оқушылар сүіріп, талайының аяғы шығып кеткен.

«Төрт-бес жылдан бері мектептің жағдайы осындай. Денешынықтыру пәнінде мектеп ішінде өткізуге мүмкіндік жоқ. Қыста амалсыз іште сабақ өткіземіз. Сүрінеді, құлайды. Қанша бала жарақат алды, аяғы шығып кетті», - дейді денешынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрмахан Байзалиев.

Тек спорт залы ғана емес, басқа да сыныптардың қабырғасы сөгіліп, едені тозған. Мектеп «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған.

«Қыста сыныптың іші жылымайды. Күн жауса, сыныптың іші малмандай су болады. Қыста бүкіл сынып оқушыларын шығыс жаққа ауыстырамыз. Бұл мәселені көтеріп келе жатқанымызға 12 жыл болды», - дейді мектеп директоры Әшімхан Балабаеков.

Мектеп басшылығы осы білім ордасында оқитын 250 бала үшін алаңдап талай рет әкімдікке жүгінген. Ал аудандағы бөлім басшылығы оқушылар мен ұстаздарға тағы да төзе тұруға тура келетінін айтты.

Күрделі жөндеу жұмыстары қажеттілігіне қарай кезегімен орындалады. Мектептің жобалық-сметалық құжаты енді әзірленіп бастады, - Бәйдібек аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы Мұқағали Садық.

Еске салайық, 15 қаңтарда Сайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылдық округінде Құрманғазы атындағы шағын жинақты орта мектебінде көмірмен жылытылатын жылу қазандығы жарылып, оқиға орнында от жағушы қайтыс болды. Құрманғазы атындағы мектеп 2014 жылы қаңтар айында пайдалануға берілген. Жылыту қазандығы көмірмен істейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама