Соның салдарынан 11 адам зардап шегіп, оның 4-еуі қайтыс болған еді
Бас прокуратура биыл 3 қыркүйекте Қостанай қаласында болған «Оружейная палата» дүкеніндегі жарылыс және өрт фактісін тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Дүкенде болған өрттің салдарынан 11 адам зардап шегіп, оның 4-еуі қайтыс болған еді. Олардың барлығы дүкеннің жұмысшылары болған. Жарылыстан көршілес орналасқан коммерциялық нысандар мен тұрғын үйлер де зақымданды.
Тергеу анықтағандай, дүкеннің басшысы оқ-дәрі өткізуге рұқсаты болғандықтан, оқиға қарсаңында Қарағанды облысынан «Сокол» маркалы 40 келі оқ-дәріні кейіннен өлшеп орау және сату үшін сатып алған.
Бұл оқ-дәрі Қостанай қаласына ауа температурасы 36 градус ыстық болған кезде қауіпті жүктерді тасымалдау ережелерін бұза отырып тасымалданған және жарылыс болған дүкеннің жертөле бөлмесіне сақтауға қойылған.
Сарапшылар жарылыстың себебі оқ-дәрінің тұтануы болды, бұл қирауға және өрттің тұтануына әкеп соқты деген қорытындыға келді.
Қазір тергеу кінәлі адамдардың жауаптылық дәрежесін анықтап жатыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қостанайда қару-жарақ дүкеніндегі өрттен 4 адам қайтыс болып, бас прокуратураның іс қозғағаны туралы хабарлаған едік.