×

Президент ҚХА төрағасының жаңа орынбасарларын қабылдады

Ассамблея сессиясы онлайн форматта өткізіледі

 Дәурен Ерболат 24.04.2024 | 16:37
Фото: Telegram/Aqorda

Мемлекет басшысы ҚХА төрағасының жаңа орынбасарларын қабылдады, деп хабарлады Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының жаңадан тағайындалған орынбасарлары Юрий Шин мен Лугмар Буларовты құттықтап, олардың бірлікті нығайту, қоғамдық келісімді сақтау ісіндегі жауапты қызметіне сәттілік тіледі.

ҚХА төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов президентке бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы және Ассамблеяның XXXIIІ сессиясына дайындық барысы жөнінде есеп берді.

Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайды ескеріп, ҚХА сессиясын онлайн-форматта өткізу туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Іс-шараға Ассамблеяның аймақтардағы мүшелері онлайн режимде қатысады.

Президент табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуге Қазақстан халқы Ассамблеясы зор үлес қосқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жұмысын одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Бұған дейін ҚХА төрағасының жаңа орынбасарлары тағайындалғаны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама