Бүгін Самара-Шымкент тасжолдары ашылады
Қостанай, Қызылорда, Түркістан облыстарында да көлік қозғалысы толық жанданады
«ҚазАвтоЖол» жолшылары 4 күн бойы «Ақтөбе-Хромтау», «Хромтау-Қарабұтақ» бағытында жолды қардан аршуда қарқынды жұмыс істеді. Жұмыс тоқтаусыз, әлі де жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімдігі хабарлады.
Әкімдік мәліметінше, кеше таңғы сағат 8-де Ақтөбе-Хромтау-Ақтөбе бағытындағы жол ашылып, көліктер колоннасы ұйымдастырылған.
Аталмыш учаскеде 2 768 ауыр жүк көлігі жиналып қалған. Алайда бір тәулік ішінде Ақтөбе-Хромтау бағытында 600-ге жуық жүк көліктері колоннасы жүрген.
Көлік қозғалысын толық қалпына келтіру үшін жолшылар қарқынды түрде жолды тазалап жатыр. Алайда жүргізушілердің жүк көліктерін жолда қалдырып кеткені жолшыларға жол жиегін қардан аршуда кедергі келтіріп тұр. Сондықтан ауыр жүк көліктерінің иелері іздестіріліп жатыр.
Қазір 2 606 көліктің жиналуы байқалады. Бүгін Ақтөбе облысы бойынша сағат 15:00-ге дейін Самара-Шымкент тасжолын ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Астана уақыты бойынша сағат 17:00-де Қостанай, Қызылорда, Түркістан облыстарында көлік қозғалысы толық жанданады деген жоспар бар.