«Елге оралғымыз-ақ келеді»: БҚО-да туризм орталығын паналаған ресейліктер сұқбат берді
Орталықта 220 орын бар, ол жерде 24 қыркүйектен ресейліктер тұрып жатыр
Орал қаласындағы «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығына ресейліктер тұрып жатыр. Орталықта 220 орын бар, қазір бәрі лық толы. Оларға ақылы қызмет көрсетіледі. Halyq Uni тілшісі орталықты паналаған ресейліктермен әңгімелесіп, олардың жоспарын сұрады.
Бірі Қазақстанда қалатынын айтса, енді бірі басқа елге кетуді жоспарлаған. Енді бірі Оралға орналасып, отбасын көшіріп әкелетінін айтады.
«СОҒЫС ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ»
Нижний Новгород қаласынан келген Виктор Ресейдегі ахуал көптен бері көңілінен шықпай жүргенін, алайда елінен дәл осылай кетемін деп ойламағанын айтты. Ол сондай-ақ қонақжайлық танытқан қазақстандықтарға алғыс білдірді.
«Қазақстан басшылығына, салық төлеушілерге, Қазақстан азаматтарына алғыс білдіремін. Баспана мен тамақ ұсынып, тіркеуден өту және SIM-карта алу жолдарын көрсетті. Шот ашу бойынша ақыл-кеңес беріп жатыр. Ресейде сұмдық болып жатыр. Бұл соғыс өмірімді өзгертіп жіберді. Енді бәрі тез аяқталып, қалыпты өмірге ораламыз деп үміттенемін», – дейді Виктор.
Оралдағы орталықты паналағанның бірі – Вадим. Оның айтуынша, Ресейде болып жатқан әскери қақтығысқа қатысқысы келмейді.
«Орал қаласына кеше келдім. Шекарадан Қазақстанға өту үшін 2 күн кезекте тұрдық. Соңғы сәтке дейін үйімізде, өз елімізде қалғымыз келді. Ресейде әйелім мен екі балам қалды. Достарымызбен бірге елден шығып кету туралы шешімді шұғыл қабылдадық. Ресейде болып жатқан бұл іске, ешкімге керегі жоқ әскери қақтығысқа араласқымыз келмейді», - дейді ер адам.
Сондай-ақ ол ресейліктердің басым бөлігі бұл қақтығысты қолдамайтынын айтты.
Мен де болып жатқан жағдайды қолдамайтындардың қатарындамын. Қазір алаңға шығып ұстанымыңды айтудың өзі қауіпті. Себебі бірден түрмеге қамап немесе қолыңа әскер қатарына қосылуға шақырту беріп, соғысқа жіберуі мүмкін. Сондықтан ең дұрыс шешім – елден кету, - дейді ол.
Вадим сондай-ақ шекарадан өтудің оңай болмағанын айтады.
«Екі күн көлікте кезекте тұрдық. Сосын көлікті қалдырып, жаяу бардық. Кеден бекетінде біз секілді жаяу жүрген адам көп болды. (...) Басқа елде, басқа қалада қайда барарымызды білмедік. Жергілікті волонтерлер теміржол вокзалында қарсы алып, ыстық тамақ беріп, ұялы байланыс пен қонатын орын тауып берді. Жергілікті билік пен кәсіпкерлерге, волонтерлерге көп рақмет! Мұның бәрі жергілікті тұрғындарға қолайсыздық тудырып отырғанын түсінеміз. Олардың осылай жылы қабылдағанын ұмытпаймыз», - дейді ол.
Ресейлік Кирилл Орал қаласынан жұмыс іздейтінін, содан кейін отбасын көшіріп алғысы келетінін айтты.
Ресейдің соғысқа қатысты саясатын қолдамаймыз. Үй, отбасы, көлігіміз бар. Жылдар бойы еңбек етіп қол жеткізген дүниені тастап кетуге қимайсың. Бұған дейін бір-ақ рет шетелде болдым. Оның өзінде турист ретінде бардым. Енді ертең не болатыны белгісіз. Елімізді жақсы көреміз. Ресейге оралғымыз-ақ келеді, - дейді Кирилл.
ТӘУЛІГІНЕ 5 МЫҢ ТЕҢГЕ ТӨЛЕЙДІ
«Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығына ресейліктер 24 қыркүйектен бастап келген. Мұнда бір тәулік қону мен тамақтану құны – 5 мың теңге. Орталық директорының міндетін атқарушы Аян Махбуовтың айтуынша, қазір орталықта 200-ге жуық адам бар.
Жағдай қалыпты, қолымыздан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз. Асханада тамақ дайын. Кез келген уақытта барып іше алады. Қазір полиция да осында жүр. Келушілерді тіркеп, бақылап отыр. Қонақтардың бірі халыққа қызмет көрсету орталығына барып жатыр, енді бірі басқа елге кететінін айтты. Кейінгі күндері келушілер азайды, - дейді Аян Махбуов.
Айта кетейік, Оралға келген ресейліктер бірнеше күн қатарынан «Cinema park» кинотеатры ғимаратына қонды. Кинотеатр директоры Дилара Мұхамбетованың айтуынша, сенбі-жексенбіде 200-ге жуық адам кинотеатрды паналаған.
«Мұны әркім әртүрлі қабылдап жатыр. Біз қиын жағдайда қалғандарға алғашқылардың бірі болып көмектескенімізге қуаныштымыз. Ғимаратты жалға алып отырмыз, сондықтан ресейліктерді қондыруға рұқсат берген «City center» сауда үйінің басшылығына алғыс айту керек. Түнде сауда үйіне адамдарды кіргізу оңай емес. Күн де суық болды. Бұл кісілер де соғыстан қашып келіп жатқан өзіміз сияқты қарапайым адамдар», - дейді Дилара Мұхамбетова.
Айтуынша, екі күннен кейін кинотеатр ішіне санитарлық залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
РЕСЕЙДЕ ІШІНАРА МОБИЛИЗАЦИЯ ЖАРИЯЛАНДЫ
2022 жылдың 21 қыркүйегінде Ресей президенті Владимир Путин ішінара әскери мобилизация жариялады. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу әскерге 300 мың адам шақырылатынын мәлімдеді.
Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу әскерге 300 мың адам шақырылатынын мәлімдеді. Содан кейін бірқатар ресейлік Қазақстанға үдере көше бастады.
23 қыркүйекте Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі Қазақстан мен Ресейдің шекарасында елімізге келіп жатқан шетел азаматтарының саны артқанын, соған байланысты жағдай бақылауға алынғанын хабарлады.
Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы