Елбасы білім мен ғылымға арқа сүйеу керектігін айтты
«Тәуелсіздік ұрпақтары» атты республикалық жастар форумына үндеу жолдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсыновтың өсиетін еске алды.
Ардақты менің достарым! Тәуелсіздікпен қатар дүниеге келген ұрпақ қазір «орда бұзар» 30-ға толып отыр. Буыны бекіп, қанаты қатайып, талай игілікті іске ұйытқы болар жасқа жетті. Туымызды биік ұстайтын, ұлтымызды ұлы мұраттарға бастайтын, сол тәуелсіздік ұрпақтары сендерсіңдер. Қай заманда да тарихты өздерің сияқты жалынды жастар, білімді азаматтар жасаған. Сендерге айтарым, әр кезеңнің өз қиындығы мен сынағы болады. Қазіргі күрделі ахуалды көріп отырсыңдар. Дүние мың құбылып тұр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Елбасы ол аумалы-төкпелі заманда елдік жүгін аудырмай алып шығу үшін білім мен ғылымға арқа сүйеу керектігін айтты.
Осынау аумалы-төкпелі заманда тек білім мен ғылым қуған ел сенімді алға басады. Осы жолдан таймаңдар. Біз текті халықтың ұрпағымыз. Қанымызда қайсарлық, бойымызда батырлық, жүрегімізде жігер бар. Осы орайда Алаш қайраткерлерінің мына бір өсиеті ойыма оралып отыр. «Біз бай, білімді әрі күшті болуымыз керек. Бай болу үшін - кәсіп, білімді болу үшін - оқу керек. Ал күшті болу үшін - елдің бірлігі керек». Береке-бірлік барда алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ, - деді Елбасы.
Н.Назарбаев атап өткендей, қазақ халқының ұлы жеңістерінің бәрі татулық пен тұрақтылықтың арқасында келген.
Әлі де алға қойған асқақ армандарымыз, биік мақсаттарымыз көп. Қазақстанды озық 30 елдің қатарына қосу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы орайда жастарға зор үміт артамын. Сендерді ұлт мүддесі жолында аянбай қызмет етуге шақырамын. Егемендік халқымыздың ең қастерлі құндылығы екенін ешқашан ұмытпаңдар. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, - деп қорытындылады сөзін.