Ақсақалдар шахмат ойнауға күн сайын жиналады, қазір олар кітапхана маңын жағалап жүр
Шымкентте ардагерлер бір жылдан бері шахмат ойнайтын ғимарат таппай жүр. Олар бас қосатын ғимаратты қала әкімдігі былтыр сүріп тастаған. Содан бері жаз шықса саябақтағы көлеңкеге жиналады, күн суықта студенттермен бірге кітапханада отыруға мәжбүр.
«Қартайғанда далада қалдық. Мегаполисте тұрсақ та, әкімдік шымкенттік қарттарға шахмат ойнайтын бір ғимарат тауып беруге жарамай отыр. Бұл масқара ғой?! Менің басқа қалада таныстарым, туыстарым тұрады. Оларда ақсақалдар бас қосып, уақыт өткізетін жер бар екен. Ал бізде сол бар жердің өзін жоқ қылды», - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Масатбек Мұсалиев.
Шымкентте бұған дейін зейнеткерлер жиналатын орталық болған. Оны 2009 жылы қаланың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов ашып берген. Содан бері шаһардың бар қариясы сол жерде жиналып, шахмат ойнаған. Уақыт өте келе келушілер қатары көбейіп, жүзге жеткен. Алайда ақсақалдардың жалғыз ермегін қала басшысы былтыр сүріп тастаған.
Шахмат ойнауға жұмыс секілді күн сайын келемін. Бұл – біздің бар ермегіміз. Әрі әңгімелесеміз, әрі уақыт өткіземіз. Бірақ 2021 жылы жауаптылар бұл жерге мектеп саламыз деп бізді шығарып тастады. Содан бері осылай далада жүрміз, - дейді зейнеткер Күндебек Төребеков.
Шымкенттік ақсақалдардың содан бері қақпаған есігі жоқ. Алайда қала басшылығы құрғақ уәдемен шығарып салады. Аудан, қала әкімдігінен көңілі қалған қариялар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрағалы отыр.
Әкімдерден көңіліміз қалды. Бәрі «мәселені шешеміз» деп бізді алдап-соғудан шаршамай келеді. Қала әкіміне де бардық. Ол бізді спорт басқармасына жіберді. Бір-біріне сілтейді. Осылайша, қартайғанда ешкім керек қылмай, бізді лақтырып тастай салды, - дейді Нұрман Қонысбаев.
Зейнеткер қазір Абай кітапханасы маңында жиналады. Қыста студенттермен бірге кітапхана ішінде отырады.
«Мектеп салынады деп орталық саябақтағы ғимаратымызды бұзды. Сол уақыттан бері кітапханадан кабинет беру үшін жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет деді. Жөндеу аяқталды, бірақ қаңғып жүрміз. Қыста Абай кітапханасының ішінде ойнап шықтық. Тағы қыс келе жатыр. Пушкин кітапханасын береміз деп алдап кетті», - дейді Нұрман Қонысбеков.
Бір кездері бел жазбай жұмыс істеген деген ақсақалдар бейнеттің зейнетін көретін шақта билік өкілдерінің әрекетіне ашынады. Сөздерінше, араларында республика бойынша жарысқа қатысып, чемпион атанып жүрген әуесқой шахматшылар да жетерлік. Орталықта отырып, уақыт өткізіп қана қоймай, бір-бірімізден тәжірибе жинайтынбыз деген ақсақалдардың кейінгі уақытта турнирге қатысуы да сиреген.
Ал аудан әкімдігі шымкеттік ақсақалдарға бір аптада шахмат ойнауға болатын ғимарат табуға уәде берді.
«Орталық саябақ маңынан ғимарат қарастырып жатырмыз. Мемлекеттік мекемелерден кабинет беру де жоспарда бар. Алдағы аптада шешіледі», - дейді Әл-Фараби ауданы әкімі Рашид Мыңбаев.