×

Тараз түрмесіндегі шу: жазасын өтеушілер аштық жариялады

Түрме бастығының орынбасары сотталушылардың әрекетіне жауап берді

 Ұлдана Жұбай 15.02.2022 | 18:53

Тараз түрмесіндегі жазасын өтеушілер 20 күннен бері ас-судан бас тартып, аштық жариялап отыр. Олардың айтуынша, түрмедегі басшылары басынып, сотталушыларды күн сайын соққыға жығады екен. Сондай-ақ, заңды түрде берілуге тиіс құрал-жабдықтарын да бермейтін көрінеді. «Таяқтың астында қалдық» дегендер түрме ішінен телефонға түсірілген бейнеүндеу жолдады.  

Қаладағы ЖД-158/4 түзету мекемесіндегі жазасын өтеушілер «қысымды жаңа басшылықтан көріп отырмыз» дейді. Тіпті түн ортасында келіп, ұйқыда жатқан жерінен ұрып-соғатындарын айтады.  

Мекеме қызметкерлері келіп, түнгі уақытта сотталғандарға күш көрсетеді. Әлімжеттік жасайды. Ешқандай жағдай жасалмаған. Мына мекемеге келгенде төсек жабдық, тиісті заттарды берген жоқ, - дейді жазасын өтеуші Жұбаныш Зейнадинов.

Азаптауға шыдамаған кейбір сотталушылар тіпті өзіне-өзі қол жұмсағысы келген. Ал, балалары үшін алаңдаған ата-аналар «қысым көрсеткен бастықтары» бұрын да жаманатты болғанын айтады.

«11 адам өзіне-өзі қол жұмсап, тілген. Оларды мұндай жағдайға жеткізген - Бақтияров Серікбол. Бұл жігіт Алматыда да жұмыс істеген екен. Ол жерде адам өлімі болған деп естиміз. Сондықтан мен баламның өміріне алайдаймын», - дейді сотталушының анасы Гүлнәр Қоңқашева.

Сотталушының анасы меңзеген Серікбол Бақтияров - Тараздағы ЖД-158/4 түзету мекемесі бастығының орынбасары. Ол бұл жағдайды «түрмедегі тәртіпке бағынбайтындардың әрекеті» деп түсіндірді. Өзін қаралағандарды да жазасыз қалдырмайтынын жеткізді.

«Біздің талаптарымызды орындамау мақсатында осындай іс-әрекетке барып отыр. Аталған сотталғандарға міндетті түрде Қылмыстық кодексін басшылыққа ала отырып, менің тарапымнан арыз түсіреміз», - деді ЖД-158/4 мекемесі бастығының орынбасары Серікбол Бақтияров.

Жазасын өтеушілердің арызы бойынша прокурорлар қылмыстық іс қозғаған. Ал, «түзету мекемесінде таяқтан көз ашпадық» дегендер ем қабылдауда.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама