Бердібек Сапарбаев бұл отбасыға үлкен коттедж салып беруге уәде берген
Балалар үйінен 18 баланы асырап алған ақтөбелік Жетесовтар отбасы елордаға арнайы келіп, дәстүрлі діндер съезіне қатысты. Ансамбль құрамында 21 бала бар, оның 18-і патронаттық тәрбие алып жатқан балалар. Өмірхан Жетесов кезінде үлкен мейрамхана салудың орнына, қомақты қаржыға зәулім үй салып, бала асырап алуды жөн көріпті. Олар әр баланы өнерге баулыған. Бүгінде балалардың бірі дәстүрлі ән орындаса, бірі домбыра, қобыз тартады, енді бірі жетіген, сыбызғы және өзге де аспаптарда шебер ойнайды.
«Біл балаларды ешқашан бөліп жармаймыз. Балалар үйінде құжаттарын алдымызға қойды. Таңдамай бірден алдық. Өйткені баланың жаманы жоқ. Екі баланың денсаулығы нашар еді. Оны өнер арқылы емдеп алдық. Бүгінде домбыраның құлағында ойнайды. Сосын үйге келгенде ешбірінің өнерден хабары болмады. 1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек демекші, бәрін өзіміз үйреттік. Басында өзіміздің 3 баламызға қосып, тағы 3 бала асырап алсақ деп ойладық. Балалар үйіне жиі барып тұратын едік. Барған сайын балғындар мойнымызға асылады. Сол кезде жүрегіміз елжіреп, осындай шешім қабылдадық», - дейді Өмірхан Жетесов.
Өмірхан өзі де жастайынан жетім қалғанын жасырмады.
«Анам алты жасымда дүние салды. Маңдайымнан сипайтын адам болмады. Амангүлдің (жары – авт.) өзі де ата-әжесінің тәрбиесінде болып, ананың аялы алақанын аңсап өскен. Соңғы жеті жылда ұққаным – жетімнің жанындағы жараны басынан өткерген адам ғана түсінеді екен», - дейді ол.
РИНАТ ЗАЙЫТОВҚА НЕГЕ ӨКПЕЛІ?
Өмірхан той-томалақта асабалық қызмет атқарып, концерттерде өнер көрсетіп, 23 адамнан тұратын отбасын қамтамасыз етіп отыр. Қара шаңыраққа біраздан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Балғындардың арманы – өздері құтты мекен санайтын қара шаңырақты қайта жаңғырту. Сонымен қатар барлығы сыятын үлкен автобус болса деп армандайды. Өмірханның айтуынша, осы күнге дейін ешкімге қол жаймаған. Тек қайырымды жандар азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұратынын айтты. Отағасы балалары үшін ойын алаңы бар үлкен үй салғысы келеді. Бірақ әзірше отбасы бюджеті ондай шығынды көтермейді.
Айтпақшы, зейнеттегі саясаткер Бердібек Сапарбаев бұл отбасыға үлкен коттедж салып беруге уәде берген екен.
Бердібек Сапарбаев балалармен әңгімелесе келе, үлкен коттедж салып беремін деп уәде еткен. Мүмкін қартайғаннан ұмытып кеткен шығар. Мен сабырлық танытамын ғой, балалар ренжиді. Десе де үмітіміз үзілмейді. Уәдесінде тұрар, - деді Өмірхан Жетесов.
Жетесовтерге көмектескісі келетіндер көп екен. Бірақ адамның бәрі бірдей емес. Атын шығару үшін балаларды пайдаланып кеткісі келетіндер де бар екенін айтады. Мәселен, 5 жасар қызы Жарқынайдың айтыскер ақын Ринат Зайытовқа өкпелі екенін айтып қалды. Дегенмен Өмірханның өзі ақынды ерекше құрметтейтінін жеткізді.
«Екі жыл бұрын үйімізге Ринат келіп, балалармен танысты. Бізбен бірге ботқа жеп, сол жерде кішкентай қызымыз Жарқынайға ән арнады. Содан кейін сол әннің бейнебаянына Жарқынайды түсірген. Бірақ ол бейнебаян шыққан жоқ. Қызымыз әлі күтіп жүр. Ер жігіт екі сөйлемеуі керек қой. Ең болмағанда мән-жайды түсіндіріп хабарласса болар еді», - дейді Өмірхан Жетесов.