Студенттер пәтер ақысын төлеу үшін жұмыс істеуге мәжбүр
Қытайдан келген қандас Қуатбек Жәкейұлы ұлттық университеттегі білім сапасын сынға алып, жатақхана мәселесін көтерді. Ол Атажұртқа 2019 жылы оралған. Бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті. Білім грантын жеңіп алса да, 1-курстан бері пәтер жағалап жүр.
«Қытайда студенттердің білім алуы үшін барлық жағдай жасалады. Алдымен жағдай, одан кейін оқи бер. Біздегі жағдай қызық. Жан-жақта көшіп жүреміз. Жатақханадағылардың өзі жұмыс істеп жүреді. Себебі ақша керек. Ондай кезде білім сапасы жайлы сөз қозғау қиын. Неге Қытай даму жағынан көш басында? Өйткені жағдайдың бәрін келістіріп, студенттің тек қана оқуға берілуін талап етеді. Ал бізде назар тірлікке ауып кетеді. Диплом үшін оқиды. Сапа жоқ. Тазалықшыдан мұғалім болып кету жағдайлары көп. Соның кесірінен арамызда қызметіне қабілеті сай еместер толып жүр», - деп ашынды Қуатбек Жәкейұлы.
Қазір 110 мың теңгеге 35 шаршы метр пәтерді жалға алған. 1-курста үйленіп алған соң жатақханадан орын бұйырмапты. Содан бері күндіз білім алып, кешке жұмыс істеуге тура келеді екен. Ал шәкіртақы баласының жөргенінен артылмайтынын жеткізді.
Аталмыш университеттің 3-курс студенті Ақтолқын төрт құрбысымен бірге 1 бөлмелі пәтерді жалдап тұрып жатыр. Пәтерақы 100 мың теңгенің шамасында, ай сайын пәтерақы үшін жұмыс іздеп кететінін жасырмады.
«Жатақханада бір жылға төлеп, әрі қарай сабақ оқып жүре бересің. Ал пәтер жалдаған кезде оның ай сайынғы төлемі бар. Жұмыс істеуге тура келеді. Одан бөлек ата-анамыз да ақша жіберіп тұрады. Сонда да көңілің тыныш болмайды. Түске дейін сабақ, түстен кейін жұмыс. Кейде жұмыстан шаршап келіп, ұйықтап қаласың. Білімге назар аударуға шамамыз жетпей қалып жатады. Төрт қыз 25 мың теңгеден шығарамыз», - дейді Ақтолқын.
Мұндай пікірді аталмыш университеттің 3-курс студенті Салтанат та қуаттап отыр. Дегенмен ол жатақханада тұрғысы келмейтінін жасырмады.
«Суық болады. Ас үй, жататын жер ортақ, ол көп студентке ұнай қоймайды. Одан соң жатақханада 2 жыл тұрақтап қалу үшін конференцияларға баруың керек. Мұғалімдер күштеп апарады. Белсенді болсаң ғана 2-курста жатақханадағы орның сақталады. Ал түрлі жиындарға барғың келмесе, пәтер жалдауға тура келеді. Жалпы университетіміздің білім беру жүйесіне, жатақхана мәселесіне қатысты сұрағымыз көп», - деді Салтанат.
Монғолиядан келген қандасымыз Ақерке Тойлат биыл Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті атанды. Жатақханада тұратын ол әзірге бәріне дән риза. Әңгімесін «қыста көрерміз» деп қысқа қайырды.
KAZGUU университетінің 2-курс студенті Дамира Жұманова астанаға Шымкенттен келген. Білім грантына ие болғандықтан жатақханадан орын беріліпті. Шәкіртақысының жартысы, яғни 15 мың теңге ай сайын жатақханаға төленетінін айтып отыр.
Жұмыс істеп жүріп, сабақ оқитын жастардың білімі көңіл көншітпейді. Өйткені студент бар назарын білімге аударуы керек. Ол үшін барлық жағдайды жасау – университеттің міндеті, - дейді Дамира Жұманова.
KAZGUU университетінің студенттік істер бөлімінің қызметкері Жансая Мәуленнің айтуынша, биылдан бастап аталмыш оқу орны хостелдермен келісімшартқа отырған. Яғни, студенттердің бәрі жатақханамен қамтылады. Сонымен қатар ол хостелдерде тек қана аталмыш оқу орнының студенттері тұрады. Жалдау құны 30-40 мың теңгенің шамасында.
«Студенттер арасында бесеуі бірігіп, бір пәтерді жалдап тұратындар бар. Сонда әрқайсысы 25-30 мыңнан төлейді. Аядай бөлмеде 4 қызбен бірге тұрғаннан барлық жағдай жасалған жерде тұрған артық. Әрі бір қыз бірге тұрудан бас тартса, қалғандары екі есе шығындалады. Осы мәселені шешу үшін хостелдармен келісімшартқа отырдық. Сонымен қатар пәтер жалдау құны жылдан жылға шарықтап бара жатқанын ескеру керек», - дейді Жансая Мәулен.