«Көрде жатқан ұлымды террорист қылды». Қаңтарда қайтыс болғандардың туыстары Бас прокуратура алдына жиналды
Алматы мен Тараздан келген тұрғындар Тоқаевтан көмек сұрады
Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан және сотталған азаматтардың туыстары елордадағы Бас прокуратура ғимаратының алдына жиналды. Шындық іздеп, әділдікті талап етіп Алматы, Тараз қалаларынан келген жандар әу баста жанайқайын Ақорда алдында жеткізбек болған. Алайда тәртіп сақшылары оларды заңсыз митинг ұйымдастырды деп айыптап, қолын қайырып, көлікке тиеп әкеткен. Олардың айтуынша, қаңтар оқиғасында қаза тапқан жақындарына 6 айдан кейін айып тағылып отыр. «Көрінде жатқан адамға тынышық берсін!» деген олар президенттен көмек сұрады.
Қаңтар оқиғасы кезінде алматылық Әлия Сәкенқызы сегіз жыл отасқан жарынан айырылған. Үш баласымен жесір қалды. Алты ай бойы марқұм күйеуінің ісі жәбірленуші ретінде қаралса, енді керісінше полицейлер «бүлікші» етіп шығары отыр екен.
«Алматы қаласының прокуратурасы «шағымданбаңдар, әйтпесе тағы да видеолар шығып, күйеуің террорист болып кетуі мүмкін» деп қысым көрсетіп жатыр. Іс жабылмайтынын айтып, астанаға келдім. Кеше таңғы сағат 9-да Ақорданың алдында жиналдық. Тәртіп сақшылары бәрімізді тиеп алып кетті. Кешке бір-ақ шығарды.
...Күйеуім автобус жүргізеді. Кешке үйге қайтып келе жатырмын деген. Алайда екі күн хабарсыз кетті. Мәйітханадан әрең дегенде мүрдесін таптық. 6 ай бойы жәбірленуші болсақ, енді бүлікші ретінде айыпты етіп шығарғысы келеді», - деді Әлия Сәкенқызы.
Әлия марқұм күйеуіне тағылған айыптар алынбаса, болашақта балаларының тағдырына тікелей әсері болатынын айтады. Қаңтарда қара жамылған Шолпан Өтегенова да жалғыз ұлының дер кезінде көмек көрсетілмегеннен көз жұмғанын айтады. Жалғыз ұлынан айырылған әйел өз-өзіне қол жұмсағысы келетін азапты күндерді басынан өткеріп жатқанын жеткізді.
Түнде қаралы хабар алдым. Жол жабық, таңды ұйқысыз атырып, Алматының бүкіл мәйітханасын аралап, әрең дегенде мүрдесін таптым. Ешкім ештеңе айтпайды. Әділдік іздеп жүрмін. Күйеуім қайтыс болған. 21 жастағы ұлымның қызығын көремін деп жүргенде мүрдесін құшып қалдым. Менің марқұм ұлыма да уақыт өте айып тағылып кете ме деп алаңдаймын. Жазықсыз жала жабылмауы керек. Тергеп-тексеру жұмыстары дұрыс жүргізілсін. Қазақтың қарапайым балалары қырылды. Болашағымыз не болады?», - деп күйінеді Шолпан Өтегенова.
Қаңтар оқиғасы кезінде Әкімбек Қалыбеков деген тұрғынның 3 айлық кезінен бауырына басқан (асырап алған – авт.) баласы кісі қолынан қаза тапқан. Әскерден келгеніне 1,5 ай болған. Ол ұлының әскери қызметкер болуды армандайтынын еске алып, еріксіз көзіне жас алды.
Колледжде оқитын. Баламды бүлікші етіп шығарды. Қару-жарақ дүкенін тонауға қатысқан деп отыр. Бірақ жазықсыз екені дәлелденді. Сонда да тағылған айыптар алынатын емес. Ұлыма көрінде де тыныштық бермей жатыр. Бүкіл ата-ананың атынан Президенттен көмек сұраймын, шындықтың беті ашылсын, - дейді Әкімбек Қалыбеков.
Наразылыққа шаққандардың арасында заңгер де бар. Амира Санабек алты айдан бері 26 жастағы інісі Еркебұланның жазықсыз тергеу изоляторында отырғанын жеткізді. 4 қаңтарда Telegram мессенджері арқылы «келіңдер, жиналайық, бензиннің бағасын 100 теңгеге түсірсін» деген хабарлама жазған. Оны ешқайда шықпаса да, бүлікке қатыспаса да, бостандыққа шығармай отыр екен.
«Баста бәрі бейбіт шеру деп ойлады ғой. Арты бүлікке ұласатынын қайдан білсін. Өзі такси айдайтын. Бензин бағасы түссін деп жазды. Бірақ бүлікке қатысқан жоқ. Өзім заңгермін, айқайласып жатпаймын. Заң жүзінде мәселемді көтеріп отырмын. Тараздан астанаға шындық іздеп келдім. Тараз прокурорлары артымыздан қуып келді. Ісіңіз шешіледі деп алдайды. Бізді адам құрлы көріп отырған жоқ. Жауаптылар қызметін асыра пайдаланып, «шаш ал десе, бас алып отыр», - дейді заңгер.
Елордаға жанайқайын жеткізуге келген тұрғындар билік өкілдерінен мардымды жауап ала алмағанын айтып налиды. Олар әділдікке қол жеткізу үшін Ақорданың алдында аштық жариялап, айлап жатуға әзір екенін жеткізді.