«Әкімнің үйінде бәрі бар». Алтайдан келген ақсақал Тоқаевқа үндеу жасады

Наима Нұрәлі

Елорда іргесіндегі ауыл тұрғындары митингке шықты

коллаж: Halyq Uni

Елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылының тұрғындары митингке шықты. Ақмола облысына қарасты ауыл тұрғындары 10 жылдан бері жол мен жарықтың жоқтығын, су мәселесі шешімін таппай келе жатқанын айтты. «Әкімнің үйінде бәрі бар» деген тұрғындар әлеуметтік мәселесін жергілікті атқарушы билікке айта-айта шаршағанын жеткізді.

Балалар екі мектепте үш ауысыммен оқиды, бірақ әлі де орын жоқ. Олардың уайымы білім емес – ауыз су болып отыр. Сондай-ақ бұл ауыл қаңғыған иттердің ордасына айналып барады. Кеш қарайса көшеге шығуға қорқатын балалар жаңа оқу жылы басталғалы мектепке барып-қайтудың тым қиындап кеткенін жеткізді.

АУЫЛДЫҢ МҰҢЫ – АУЫЗ СУ

«Аудан әкімі митинг ұйымдастырушысын ғана шақырыпты. Неге бәрімізді шақырмайды, неге бізбен кездеспейді? Наурыз айында әкіммен кездестік. Қазақша мүлде сөйлемеді. Бір-бірімізді түсіне алмай тарқастық. Ең алдымен, әкім қазақша сөйлесін. Екінші, жұмысын қорыққаннан ғана істейді. Тексеру келе жатыр деп бәрін жалтыратып қояды. Шындығында іріп-шіріп жатыр. Балалар құдық қазып алыпты, соны ішіп отырмыз. Бәріміз ауру болып бітетін болдық», - деді жасы 90-ға таяған ақсақал.

Ауыл болып құрылғалы бері елдімекенде асфальт төселмепті. Былтыр ауыл ішіне техникалар кірігізілгенде бәрі балаша қуанған. Бірақ үміті ақталмай, бастаған ісі аяқсыз қалыпты. Жедел жәрдем көлігі де кейде шақырған орынға жете алмай, ауыл сыртынан қайтады екен. Қыс түссе қалың қардан көлік те жүре алмайды. Тіпті, әкім тұрғындардың әрқайсынан 500 мың теңгеден жинап, жарық қосып беруге уәде еткен.

Жел тұрса, жарық сөнеді. Діңгектерді дұрыс орнатпаған, біреуін жолдың қақ ортасына қойып кеткен. Жұмысына салғырт қарайды. Қалтамыздан ақша шығарып, істеттік. Бірақ ол – әкімнің жұмысы ғой, - дейді тұрғын.

Жібек жолы ауданында 30 мың халық тұрады. Бұл өңірде әкім жиі ауысады. Сол себепті басталған істің дені аяқсыз қалады екен. Келгеніне үш ай болған Аршалы ауданы әкімі Мұрат Сағатұылы тұрғындарды тағы 2 жыл шыдай тұруға шақырды. Шенеунік бюджеттен 8 млрд теңге бөлінгенін айтып, мәселе бір жылда шешілмейтінін жеткізді.

болса, тағы 2 жыл күтуге тура келетінін жеткізді. бюджеттен 8 млрд теңге бөлінгенін айтып, бір жылда шешілетін мәселе емес деп ақталды.

Ауыл әкіміне, қала берді аудан басшысына сенбейтінін айтқан тұрғындар Президентке үндеу жасап, ауыл әкімінің жұмысын тексеруді талап етіп отыр.