Halyq Uni логотип
×

«Басшылық күн бермейді». Елорда әкімдігіне қарасты компания жұмысшылары митингке шықты

«Астана тазалық» жұмысшылары жалақысын өсіруді талап етті

 Наима Нұрәлі 31.08.2022 | 13:18

Елордада «Астана тазалық» ЖШС-ның бір топ жұмысшысы жалақысын өсіруді талап етіп митингке шықты. Олар осыдан бір ай бұрын ЖШС басшысының орынбасары қызметіне кіріскен лауазымды тұлғадан қысым көріп отырғанын, жұмысшылардың жалақысын толық бермейтінін айтты. Сондай-ақ басшылық тарапынан осы сияқты әділетсіздік жалғаса беретін болса жұмысқа шығудан бас тартатынын жеткізді.

«Сағатына 3 мың теңгеден төленсін. Қазір 780 теңгеден төленеді. Оның өзінде қиып тастайды. Жаңадан келген басшының орынбасары адам менсінбейді. Күніне 60 литр береді. Жұмыс аяқталған соң 20-30 литрін мойнымызға іліп, жалақымыздан ұстайды. Мәселеміз шешімін таппағанша жұмысқа шықпаймыз. Түскі уақытта жағалауға барып көріңізші, қоқыстан көз ашпайды. Еңбекті бағалау керек қой», дейді көлік жүргізушісі Мұхат Рахимжанов.

Көлік жүргізушісі Кенжебек Сағындықовтың да айтары осы. Жұмысшылар жалақысын толық ала алмауын «Астана тазалық» мекемесінің қарызымен байланыстырып, соны қызметкерлерінің жалақысынан өндіріп отырғанын айтады.

«Менің қарызым емес, мекеменің қарызы. Оны неге бізден ұстауы керек? Жаңадан келген басшылық жұмыстан кетеді, немесе мен кетемін. Жалақымызды қиюмен келеді. Осы митингтен кейін біраз адамды жұмыстан шығарып жібермесіне де кепілдік жоқ. Егер мен шықсам, бәрі жұмыстан кетеді. 11 жылдан бері осы мекемеде жұмыс істеймін. Осыған дейін жұмыстың бәрі ретімен еді. Берік Мұхамеджанов келгеннен кейін басталды. Қолға тиетін айлық 109 мың теңге ғана», - дейді Кенжебек Сағындықов.

Жұмысшылардың бірінші талабы – жалақы мәселесі болса, екінші талабы – жаңадан тағайындалған ЖШС директорының орынбасарын қызметінен босату. Ал «Астана тазалық» ЖШС директорының орынбасары Берік Мұхамеджанов мәселені экономикалық жағдаймен байланыстырып отыр.

Қазір жұмысшылардың жалақысы - 180 мың теңге. Менің жалақым - 560 мың теңге. Оны өзім бекіткен жоқпын. Мекемеде 1150 адам жұмыс істейді. Қыста тағы 500 адам аламыз. Жалпы әкімдіктен 4 аудан бойынша 6,2 млрд теңге бөлінеді. Оның 70 пайызы жалақыны төлеуге жұмсалады, - дейді Берік Мұхамеджанов.

Жұмысшыларға басу айтуға келген Есіл ауданының әкімі Берік Жакенов қарашадан бастап қызметкерлердің жалақысы 15-20 пайызға көтерілетініне сендірді. Сонымен қатар «13-ші жалақы» мен сыйақы тағайындауға уәде берді.

«Ауданға қала әкімі Алтай Көлгінов 2,5 млрд теңге қаражат бөлді. Сыйақы мен «13-жалақыны» төлеуді қарастырамыз. Ешкім жұмысынан шығарылмайды. Күзде жұмыс қайта жанданады. Қыста 1,8 мың адам жұмыс істейді. Қараша айынан бастап барлығының жалақысын 15-20% арттырамыз. Жұмысшылардың талабы орынды. Барлығы ескеріледі», - деді Берік Жакенов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама