Егор Москвин Қазақстанға бірінші рет келген
Қазақстанға алғаш рет келген ресейлік блогер, тележүргізуші Егор Москвин Halyq Uni тілшісіне Ресей мен Украина арасындағы соғыс, Қазақстан жайлы пікірін айтты.
«Тарихқа үңілсек, билік мемлекетаралық кикілжіңді соғыспен шешкен кезде 100 жылдан соң бейбіт жолмен шешуге болатын қаншама жолы болғанын аңғарамыз. Мәселені ешбір оқ-қару, ұшақ, бомба қолданбай шешуге болар еді. Соғыс үшін немерелеріміз алғыс айтпайды. Керісінше, мектеп, аурухана салсақ, разы болады. Маған кезекті рет адам өлімін есту - өте ауыр», - деп ағынан жарылды Егор Москвин.
Нұр-Сұлтан қаласына бірінші рет келген Егор Москвин қазір Ресейде баға шарықтап кеткенін, қымбатшылық халықтың тұрмысына қатты әсер етіп отырғанын айтып берді.
«Ресейдің ІІ дүниежүзілік соғыс болған өңірлерінде 80 жыл бұрынғы снарядтар әлі жатыр. Жыл сайын кемінде екеуі жарылғанын естиміз. Ойлап көріңіз, бұл ІІ екінші дүниежүзілік соғыстың қалдығы. Сол кезден әлі ештеңе өзгерген жоқ. Өзгергені, атыс-шабысты онлайн көріп отырмыз. Бір жерде жарылыс болды ма, 10 минутта барлық телеграм арналар халықты құлағдар етеді. Соғыс жайлы ақпарат ағыны көп болғаны соншалық, адам құны төмен түсіп кетті. Барлығы ойын-сауық бағдарламасына айналып кеткен сияқты. Бұл да өте қорқынышты. Өйткені біз соғысты компьютер ойындарындағы атыс-шабыс сияқты тек бақылап отырмыз. Салдары өте жаман болады», - дейді белсенді.
Егор Москвин жақын арада Ресейден басқа елге көшу туралы сұраққа нақты жауап бере алған жоқ. Алайда қантөгістің соңы ұшпаққа шығармайтынын тағы бір ескертті.
«Ресейде 24 ақпаннан бері көбі не істерін білмей дал. Телеарналардың рейтингі құлап жатыр. Біздегң халық қазір теледидар көруді қойған. Мен өз елімді жақсы көремін. Алдағы уақытта Ресейден көшу-көшпеуімді нақты айта алмаймын. Бар білетінім, менің білімім мен тәжірибем өз елімнің қажетіне жарайды. Ресейде мені керек қылатын адам көп», - қысқа қайырды Егор.
Ресейлік азамат Қазақстанның басқа қалаларына әлі жолы түспегенін, тек Нұр-Сұлтан қаласында ғана болғанын айтты. Елорданың инфрақұрылымы Егордың көңілінен шыққанымен, мүгедектігі бар жандарға пандус мәселесі әлі толық шешімін таппағанына налыды.
«Қаланың инфрақұрылымы жолға қойылған. Бұл қаланы Кеңес адамдары салғаны көрініп тұр. Республика көшесіндегі бес қабатты үйлерге қарап, оны жай реконструкциялай салғанын айта аламын. Бір кездері теміржолшылар үйі болған бүгінгі Мәдениет үйі де дәл солай. Мұндай тарихи нысандарды Калининградттан, Самара мен Сібірден көруге болады. Көне ғимараттарды бұзбай, сақтап қалғаны қуантады. Самокатпен жүргенімді кейбір төмпешіктерден өту қиын болды. Иә, тіпті самокатпен жүргеннің өзінде қолайсыз. Веложолдар бар, бірақ пандус тым аз. Демек арбаға таңылғандарға жүріп-тұру оңайға соқпайды», - дейді блогер.