Halyq Uni логотип
×

Бес баласымен жалғыз қалған: 27 жыл құжатсыз жүрген көпбалалы ана туралы

Елизаветаны анасы перзентханада тастап кеткен, бірақ әкесі жалғыз тәрбиелеген

 Наима Нұрәлі 18.08.2022 | 12:00

Елордада 27 жыл бойы еш құжатсыз өмір сүрген көпбалалы отбасы табылды. Бір құжаттың соңынан 20 жылдан аса жүгірген жалғызбасты ана мәселенің сұйырқұйымшақтанып кетуіне жауаптыларды кінәлайды. Себебі жауапты органдар бір-біріне сілтеп келген. Бес баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Елизавета Чернышованың арнайы орталықтың көмегінсіз балаларын осы күнге жеткізе алмайтынын айтып ағынан жарылды.

Елизаветаның өзі дүниеге келгенде анасы одан бас тартқан. Ал әкесі бауыр еті баласын далада қалдырмай, перзентханадан ұрлап әкетіп, үйінде ешкімге көрсетпей тәрбиелеген. Екі некесі де сәтсіз болып, бес бүлдіршінімен жалғыз қалса да, қиындыққа мойымай, кедергілерден сүрінбей келеді.

1995 жылы Ақмола облысында дүниеге келдім. Мұрағатта мен туралы бірде-бір мәлімет болмағаннан кейін мәселе шешімін таппады. Әкемнің қайтыс болғанына 10 жылдан асты. Мен тұрмысқа шықтым. Алайда некем сәтсіз болды. Бірінші күйеуімнен екі балам бар, екіншісінен 3 бала таптым. Азаматтық неке болғандықтан балаларымның да бірде-бір құжаты болмады, - дейді Елизавета Чернышова.

Кейіпкеріміздің істемеген жұмысы жоқ. Бала тәрбиешісі, даяшы, тіпті көлік жуу орталығында да қызмет етіпті. Ешкімнен ештеңе дәметіп отырған жоқ, өз күнін өзі көріп жүр. 7-сыныпқа дейін білім алған ол балаларының білім алғанын қалап, «Жанұя» отбасын қолдау орталығына жүгінген.

«Құжаты болмағандықтан мемлекеттік көмектерден қағылған. Ұлын тек 8 жасында ғана мектепке апарыпты. «Сенің балаң емес шығар» деген сұрақтан қашып, үнемі тығылып жүрген. Алдымен Елизаветаның дүниеге келгенін растау үшін акт жазбасын тіркеу керек болды. Өзінің айтуынша, Ақмола облысында дүниеге келген. Ешбір акт жазбасы тіркелмегені туралы құжаттар жинадық. Соның негізінде ол дүниеге келген перзентханадан медициналық туу туралы куәлігін алдық. Бір жыл ішінде өзінің және 5 баласының құжаттарын толық алды», - дейді «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының өкілі Айгүл Болатхан.

Енді көпбалалы отбасыға жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Бүгінде кейіпкеріміз бес баласымен жер үйдің аядай бөлмесін паналауда. Ал баспаналы болудың ауылы әзірге алыс. Себебі кезекке тұру үшін елордада тұрғылықты мекенжайға кемі 3 жыл тіркеуде болуға тиіс. Биыл ғана төлқұжатын алған Елизавета осы күніне де шүкіршілік етіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама