Бейресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда аутизм белгілері бар балалардың саны 30 мыңнан асады
Жуырда Қостанай облысында жоғалған бес жасар Мадина Ерланқызының денесі арада үш күн өткен соң өзеннен табылды. Сол кезде Мадинада аутизм белгілері бары, оның сөйлемейтіні, бөтен адамдардан қорқып, өзін іздеушілерден тығылып жүруі мүмкін екендігі айтылды.
Арада бірнеше күн өткен соң осыған ұқсас жағдай Шығыс Қазақстан облысында да қайталанды. Аутизм белгілері бар, сөйлемейтін 12 жастағы баланы 500-ге жуық адам іздеп, оны арада бір күн өткеннен кейін аман-есен іздеп тапты.
Осы оқиғалардан кейін Қазақстан қоғамының ерекше балалармен қарым-қатынас орнатудан бейхабар екені байқалды. Мадинаны көшеде кездестіргендер оның ата-анасын іздестірудің орнына жанынан бейқам өте шыққан.
Ал, Halyq Uni тілшісіне пікір білдірген ABAQUS-DARYN білім қоры мен коррекциялық дамыту орталығының директоры, АВА маманы Дархан Ажмолдаев аутизм белгілері бар балаларды көшеде кездестіргенде не істеу керегін, жоғалып кеткен жағдайда оны іздестіру жолдары қандай екенін айтты.
«Егер көшеде бейсауат жүрген баланы көріп қалсаңыз, оған бей-жай қарамаңыз. Жерге жатып алса, оғаш қылықтар көрсетсе, басын ұстап, сіздің сөзіңізді елемесе - аутизм белгілері бар деген сөз. Ондай кезде балаға дауыс көтеруге болмайды. Жылы сөйлеп, достасу керек. Қолынан ұстап алмасаңыз, көлікке қарай қаша жөнеледі. Дереу полицияға хабарласыңыз және баланың туыстарын табуға тырысыңыз. Өйткені баланың жақындары сол маңда болуы мүмкін», - дейді Д.Ажмолдаев.
Өзі де ерекше бала тәрбиелеп отырған маман аутизм диагнозы қойылмай тұрып, ұлы Дарынды «шапалақпен» айтқанына көндіргісі келген екен. Сол кезде баласы жылаудың орнына керісінше өзін ұрып жіберген. Ұлы бес жасқа толғанда аутизм белгілері барына көз жеткізген соң осы дертті толық зерттеуге көшкен.
АУТИЗМ – ЕМДЕЛЕТІН АУРУ ЕМЕС, АУЫТҚУШЫЛЫҚ
- Әрбір ата-ана баласынан ерсі қылықтар байқаса, зерттеуі керек. Балаңыз көзге тіке қарамаса, өзге балалар сияқты ойнамаса, сізбен дұрыс қарым-қатынас орната алмаса, аутизмнің белгілері бар деген сөз. Ондайда дәрігерлер не десе де толық тексертіп, баланы коррекциялық орталықтарға апару керек. Екі жасынан бастап жұмыс істеу қажет. Дәрігерлер менің баламнан аутизм белгілері барын анықтай алмады. Біз тек 5 жасында білдік. Неге қашатынын, неге тек қана қайнатылған күріш жейтінін, неге аяқ киім кигісі келмейтінін дәрігерлер түсіндіріп бере алмады. Бәрін өзіміз анықтадық. Қазір баламыз толықтай ерсі қылықтарынан арылды», - деді Дархан Ажмолдаев.
Одан бөлек, Орталық директоры Қостанайда қайтыс болған 5 жасар Мадинаны аман алып қалуға болатынын айтты.
- Аутизм – ауру емес. Оны дәрімен емдейміз деу – қате. Тек қана коррекция керек. Соның бірі - ABA терапиясы. Қостанай облысында жоғалған 5 жасар Мадина Ержанқызының оқиғасы қабырғамызды қайыстырды. Мадинаны іздеу кезінде оны әлдекімдер бірнеше жерден көрген. Бірақ бүрдіршіннің бейсауат жүрісінен ешкім күдіктеніп, қолдау білдірмегені өкінішті. Қоғам, ата-ана аутизм белгілері бар балалармен қарым-қатынас құру жолдарын білуі керек. Егер ерте кезден Мадинамен жұмыс істегенде, аман алып қалуға болар еді. Ұлым Дархан да 5 жасында қолда тұрмайтын, қашатын. Осы терапияны меңгергеннен кейін жанымыздан жыраққа кетпейтін болды. 1-2 жыл аралығында қашатынын қойдырдық. Бұл дертті зерттегеннен соң көзқарасым, ұлыммен қарым-қатынасым 180 градусқа өзгерді» деп отыр маман.
БАЛА НЕГЕ ҚАШАДЫ?
Аутизмі бар баланың үш мәселесі бар. Біріншіден, коммуникация жоқ, екіншіден, бойында қоғаммен араласу қабілеті жоқ. Үшіншіден, өзіне ғана ұнайтын іс-әрекеттерді қайталай береді. Мидағы ауытқушылықтың салдарынан осылай болады.
«Не себепті бала ата-анасынан қашады? Өйткені сол кезде анасы баланың артынан айқайлап жүгіреді. Оған көңіл бөледі, артынан қуып бар назарын аударады. Аутизм белгілері бар баланың қалауы – ата-анасының көңіл аударғаны. Бала эмоцияны ғана ойлайды. Бірнеше рет қашқаннан соң әдетке айналады. Одан бөлек, бала біздің талаптарымыздан қашады. Сондықтан тек өзіне ұнайтын істі қайталай береді. Мінез-құлқын талдауымыз керек. Сосын балаға ұнайтын затын қолдану, әрекетті істеуіне рұқсат беру арқылы біз балаға керекті дағдыларды үйрете аламыз. Сол - коррекция», - дейді Дархан.
Баласын қатарынан қалдырмай, ортаға бейімдегісі келетін ата-анаға біраз шығындалады. Арнайы орталықтарда оқытам десе - шет аймақтарда оқыту құны айына 150 мың теңгеден, ал қалада 500-600 мың теңгеден басталады. Ал орталық директоры бұған бәрінің бірдей қалтасы көтермейтінін айта келе, аутизм белгілері бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар ABA терапиясын өздері оқып алса, әлдеқайда оң нәтижесін беретінін жеткізді.
Себебі ерекше баланың бойында ерекше қабілет бар. Оны байқап, бағыт беретін, қабілетін ашатын да – баланың әкесі мен анасы екенін ұмытпаған жөн, - дейді маман.
Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда аутизм белгілері бар балалардың саны 9 мыңға жеткен. Ал бейресми деректерде олардың саны 30 мыңнан асып жығылатыны айтылады.