Жәбірленушілердің бірі 1 млн теңгесін қайтара алмай жүр
Өзін лауазымды тұлғаның туысымын деп таныстырған Ұлттық ұлан қызметкері әріптестерін 150 млн теңгеге алдап соққан. Жәбірленушілердің айтуынша, бүгінде әскери қызметкерлер арасында басшылық тарапынан қысымға ұшырап, арызын қайтарып алып жатқандар да бар екен. «Сот процесі әділ жүргізілмейді. Қылмыскер емін-еркін бостандықта жүр. Ақшамыздың қайтаратын түрі жоқ» дейді Halyq Uni тілшісіне жүгінген бір топ азамат.
«ЛАУАЗЫМДЫ ҚЫЗМЕТТЕ ОТЫРҒАН ТУЫСТАРЫ БАР»
24 жастағы Нұрқанат Құрал 2 миллион теңгесін даулап жүр. Қарапайым такси жүргізушісі болып жұмыс істейтін ол көлігін ломбардқа қойып, ақшаны Ұлттық ұлан қызметкерінің қолына ұстатқан. Қазір не ақша, не көлік жоқ. Онсыз да несиесін әрең төлеп, тығырықтан шығармын деп жүргенде тағы да қарызға белшесінен батқанын айтып налыды.
«Әйелім мен қызым бар. Ұлттық ұланда Аңсар деген сержант бар. Менің әскери салада достарым бар. Солар арқылы осы азаматпен таныстым. Аңсар бағалы телефондарды 50 пайыз төмен бағада шетелден тапсырыспен әкеліп отыратынын айтып сендірді. Туыстарым жоғары қызметтерде істейтінін, тауарларды кеденнен өткізуге көмектесетінін айтты. Бір айдан соң телефондарды шетелден емес, астанадағы «Есіл» сауда үйінен сатып алып отырғаны анықталды. Сол жерден алып, басқа кісілерге береді. Олар пайда көрдік деп сеніп, 11 миллион ұстатады, артынша ақшасынан айырылды. Менің оқиғам да осылай. Арыз жазсаң, жұмысыңнан айырыласың деп қорқытты. Қазір 20 адамға 70 миллионнан аса берешегі бар. Қалғаны арыздарын қайтарып алып жатыр», - деді ол.
«СОТ ӘДІЛ ШЕШІМ ШЫҒАРМАДЫ»
Әскерилердің жалақысы төмен екенін айтқан жәбірленушілер несие үстіне несие алғанын айтып отыр. Осы істің басы-қасында жүрген заңгер Мерхат Ахметолдин бұл істе «бармақ басты, көз қысты» әрекеттің барын жеткізді.
«Елордалық тергеу соты Аңсарға үй қамауын тағайындады. Бұл – заңға қайшы. Тағылған айып бойынша бас бостандығанан айыру 5 жылдан асса, оны мәжбүрлі түрде қамауға алу керек еді. Алайда үй қамауын бекітті. Сосын әскерилерге қысым көрсетіліп жатыр. Олар арызын қайтарып алып жатыр. Ол кісінің Ішкі істер министрлігінде лауазымды қызметте отырған әпкесі бар. «Туыстарым бар, қысым көрсете алмайсың» дейді. Бұл істе әділетсіздік бар. Таныстарын пайдаланып, ақшаны қайтармай бостандықта тайраңдап жүре бере ме деп алаңдаймыз. Бізге керегі - әділдік», – дейді заңгер.
«ҚОРЫҚҚАННАН АРЫЗЫН ҚАЙТАРЫП АЛЫП ЖАТЫР»
Бет-жүзін анық көрсетпеуімізді өтінген Айман да 13 миллион теңгесін бір кездері жұбайының сенімді серігі болған Аңсардың қолына ұстатқан. Күйеуі – әскери қызметкер. Бүгінде ай сайын 600 мың теңге несие төлеуге мәжбүр. Ал алатын жалақысы 100 мың теңгеден сәл-ақ асады.
«Біз әке-шешеміз, достарымыздың атынан несие алып, 13 миллион теңгені соның қолына ұстаттық. Өйткені үйді ипотекаға алғанбыз, жалақы ешқайда жетпейтін. Қазіргі жағдайымыз одан да ауыр. Ақшамыз қайтпаса, сол үйді сатуға тура келеді. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылдық. Жалақымыз өмір сүруге жеткенде, бұлай отырмас едік. Қазір ай сайын 600 мың теңге несие төлейміз. Ойлап қараңыз, жалақы 150 мың теңгеге де жетпейді. Сонда несие алып, несие жауып отырмыз. Бізге керегі – берген ақшамыздың қайтуы ғана», дейді ол.
Жәбірленушілер берген ақшасын қайтарып алмайынша арыздануын тоқтатпайтынын, істі соңына дейін жеткізетінін айтып отыр. Алайда, Ұлттық ұлан қызметкерінің үстінен арызданушылардың қарасы күн сайын азайып бара жатыр. Себебі, кейбірі «арындансаң қызметіңнен кетесің» деген басшылық сөзінен кейін күдерін үзген.