Halyq Uni логотип
×

«Кінәлілердің атын жазып кетті»: елорда тұрғыны әпкесін өлімге итермелеген көршісін жазалауды сұрайды

Полиция қазақ тілді маман жоқ деп істі жауып тастамақ

 Айнұр Шошаева 05.08.2022 | 10:32

Елорда тұрғыны полиция бөлімшесінде қазақ тілін білетін маман болмағандықтар істі жүргізбей отырғанына шағымданды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

«Қазақстанның Бас прокуратурасы, ІІМ мен Президент әкімшілігіне үндеу жасағым келеді. Біз өз отанымызға оралған қандастармыз. Бірақ елімізге келіп Ерейментау аудандық полиция бөлімшесінен әділетсіздік көріп отырмыз», – деп бастады сөзін редакциямызға көмек сұрап келген елорда тұрғыны. 

Айтуынша, биыл ақпан айында Ерейментау ауданы, Еркіншілік ауылында тұратын туған әпкесі өзіне қол салып, қайтыс болған. Марқұм 42 жаста екен.

«Қайтыс болғаннан кейін артынан қалдырып кеткен бір жапырақ хат табылды. Сол хатта кінәлі адамдардың есімін атап, не себепті мұндай қадамға барғанын жазды. Кінәлі адам деп көршісі Қанат Арыстан мен оның әйелін көрсеткен. Қазадан кейін ақпан айында Ерейментау аудандық полиция бөліміне арыз-шағым қалдырдық. Арызымызды қабыл алды, іс жүргізіле басталды. Марқұмның туыстары өз тарапымыздан заңды түрде дәлелдерді бердік. Ол қолхаттың түпнұсқасы, телефоны мен басқа да талап еткен айғақтарды тапсырдық. Оның бәрі сараптамаға берілді, кейбірінің нәтижесі шықты. Кейбірімен таныстық», – деді. 

Гүласыл қазір аудандық полиция әпкесінің өлімі бойынша қозғалған қылмыстық істі жауып тастауға тырысып жатқанын айтады. 

«Себебін қылмыстық құрам аздығымен түсіндірді. Әпкемнің қалдырып кеткен хатына сараптама жасалып, оны марқұмның өзі жазғаны дәлелденді. Өзіне қол салу алдындағы психоэмоционалдық жағдайы дұрыс, суицидқа бейім емес деген қорытынды берілді. Сол қадамға барғанда үрейде болғанын көрсетті. Айғақ ретінде әпкемнің телефонын да тапсырдық. Оған қоңырау шалған нөмірлерді өз көзіммен көрдім. Әпкем қайтардың алдында көптеген бейтаныс және нөмірі жасырылған абоненттерден қоңырау көп түскен. Кейбіріне жауап берген, кейбіреуін алмаған. Сәуір айында сараптамаға кетті, ал мамыр айында қорытындысы шықты деді. Бірақ содан бері нәтижесімен таныса алмай келеміз», – деп қосты. 

Гүласыл әпкесі Жанаргүл Әбділдабектің хат жазып кеткенін айтады.  

«Қайғылы оқиға болмастан бірнеше күн бұрын бір шаруамен әпкеммен телефон арқылы сөйлестім. Сөзден сөз шығып, көршілері туралы сұрай бастады. Мен ол жақта тұрмаған соң, біле бермейтінімді айттым. «Сол көрші мені зорлады» деді. Қай кезде, қалай болғанын сұрамадым. Бәрін қазбалап сұрап, әпкемнің жанын жаралағым келмеді. Келесі күні қалаға алдыртамын, келмесе өзім барып сөйлесіп анықтаймын дедім. Әпкем ол адамдардың маза бермейтінін, олардан шаршағанын айтты. «Не істерімді білмеймін» деді. Оған дейін сол көршісі жездеммен төбелесіп қалған, жанжал кезінде әпкемнің қызы зардап шеккенін білгенде таңғалдым. «Ертең ол адамдармен хабарласып, неліктен сізді мазалайтынын сұрайын» дегенімде «оларға жолаушы болма, ертең саған да зияны тиеді» деген жан даусы шықты. Заң бар, мені де, сізді де қорғайды деп басу айттым», – деп толықтырды Гүласыл. 

Алайда, келесі күні әпкесінің өзіне қол салғаны туралы хабар жеткенін айтады. 

«Әпкемнің екі қызы студент, астанада оқиды. Жездем де қалада жұмыс істейді, айына бір-екі рет келіп-кетіп жүретін. Ал әпкем кенже баласы – 9 жасар ұлымен ауылда тұратын. Ал хатта аты жазылған адам жақын көршіміз. Мұндай жағдай болғаннан кейін қоғам сөз қылады, кінәлайды. Содан қорықты ма екен, білмеймін. Әпкем өте пысық еді, үйдегі жеті баланың ішіндегі қайраттыcы сол еді, бәрін ұйымдастырып, туғандарына жаны ашып жүретін. Әбден қорқытып тастаған ба деп ойлаймын. Күйеуіне де айта алмаған, өйткені «күйеуіңді өлтіремін» деп қорқытқан кездері болған екен», – дейді Гүласыл. 

Сонымен бірге, хатта аты аталған адамның ауылдағы атышулы отбасы деп естігенін жасырмады. Айтуынша, арыз жазған соң ауылдың бірнеше адамы келіп, одан зардап шеккенін алайда істің сотқа жетпей жабылғанына айтқан. Қазір марқұмның отбасы полицейлердің тергеуді жүргізуге немқұрайлығына шағымданып отыр.

«Соңғы хабарласқанымызда «сіздердің істеріңізді қарайтын қызметкеріміз қазақша түсінбейді. Сол себептен қазақша түсінетін, қазір іссапарда жүрген қызметкеріміздің келуін күтесіздер» деген жауап алдық. Бұл не масқара? Әу бастан істі қазақ тілінде бастады. Біздің қандас екенімізді біле тұра, өзге ұлттың өкілін тергеуші ретінде берді. Оған еш қарсылығымыз жоқ. Бізге керегі істің заңды түрде тергеліп, кәнәлі адамдар жазасын алса дейміз. Жарты жылдан кейін ішкі істер органдарының қызметкері қазақ тілін түсінбейді екен деп, ісіміз тоқтап тұра ма? Тергеуші қазақ тілін білмесе, бұл біздің проблемамыз емес. Ертеңгі күні басқа сылтау ойлап таппасына кім кепіл? Кінәлі адам бар, әпкем атын атап кетті. Соған қарамастан істің құрамы жеткіліксіз деп отыр», – деп кейіді марқұмның туысы. 

Жанаргүл Әбділдабектің қазасынан кейін Қылмыстық кодекстін 105 бабы, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша қозғалғанын айтады. 

«Мәйтті әкеткенде біздің тараптан зорлық-зомбылық белгісін анықтауға өтініш берілуі керек екен. Біз оны білген жоқпыз. Бастапқыда артында хат қалдырып кеткенінен хабарымыз болмады. Оны тауып алған ағаларымыз жанжал шықпасын деп бізден жасырып қалып, бірден полицияға тапсырған екен. Бізден өтініш болмаған соң, сот сараптамасы мұқият тексермеген. Өкінішке қарай, сол уақытты жіберіп алдық. Сондықтан іс тек өзі-өзі өлтіруге дейін жеткізу бойынша қозғалды. Көршілеріміз көңіл айтып та келмеді», – дейді Гүласыл. 

Қазір Гүласыл Әбділдабекқызы Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінен көмек сұрайды. Қылмыстық істі соңына дейін жеткізу үшін нақты дәлелдер мен айқақтар жеткілікті деп есептейді. 

«Заң бар ғой, әділеттілік орнайды деп сендік. Сөйткенде сенген заңымыз бен полициямыз не істеп отыр? Жарты жыл бойы созып келіп, енді істі жауып тастамақ. Істі сотқа дейін жеткізуіміз керек. Қылмыстық құрамы жеткілікті деп ойлаймын. Қажетті сараптаманың бәрі жасалды. Ештеңені ойдан қосып отырған жоқпыз. Кінәлі адамдардың аты аталды. Заңды жолмен әділеттілікті орнатуды сұраймыз», – деп қорытындылады Гүласыл.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама